Көңілге ыстық Аралым

Осылайша біздің көрген әдемі күндер қазіргі ұрпаққа ертегі іспетті болып қалды. Бірақ қазір замана көші алға басып, ел тәуелсіздігін алды. Аралдың қасиеті мемлекет назарынан тыс қалған емес. Соның арқасында ақсап қалған ата кәсіп балық шаруашылығы қайта дамыды. Енді теңізді өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы басқаша сипатқа ие бола бастады. Елі еңбекшіл Арал өңірі қазір сан-салада дамудың даңғыл жолына түсті. Сортаң табиғатымызды қайта түлету мақсатында да түрлі шаралар ұйымдастырылып отыр.
Әрбір азамат туған жерге борыштар деп білемін. Сондықтан өзін өсірген өлкеге қызмет жасау парызы. Мен 1986 жылдан бастап туған жерге оралып, комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызметімді бастадым. Одан соң аудандық партия комитетінде нұсқаушы болдым. Кейіннен 9 жыл "Арал" қонақ үйінде директор болдым. 2001 жылы Арал ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. 2005 жылы мәдениет саласын басқардым. Ал 2011 жылы балықшылар мұражайында директор болып қызмет жасап, зейнет демалысына шықтым. Өзім қызмет еткен жылдары бар жастық жігерім мен күш-қуатымды елдің дамуына арнадым. Өзіме басшылықтың тізгіні берілген шақта мінбелерде халықтың мүддесін көздеп, мұңын жеткізе білдім деп ойлаймын. Қазір де еңбектен қол үзбей «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Арал ауданы бойынша төрайымы болып еңбек етудемін. Жастардың, әйелдер саясатының дамуына осылай үлес қосып отырған жайым бар.
Биыл Аралдың 95 жылдығы. Бұл айтулы күн тарих бетінде алтын әріппен жазылары сөзсіз. Сондықтан туған қаламды туған күнімен құттықтағым келеді. Көңілге ыстық туған жерімнің басына қандай табиғи қиындықтар келсе де, одан халқы ешқашан сырт айналған емес. Қасіреті мен қасиеті талай жырға арқау, ақынға шабыт берген киелі топырақта туғанымды мен де әр кез мақтан етемін.
Ханзада Әбілғазиева,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері