Руханият ошағы – ауыл дамуының негізі
Ауылдық мәдениет үйінің тұрақты жұмыс істеуі – мемлекет тарапынан мәдениет саласына көрсетіліп отырған қолдаудың нәтижесі. Бұл – ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыратын, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын, ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттайтын маңызды орталық. Сондай орталықтардың бірі бүгінде ауданға қарасты Шижаға ауылында 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Ауылдағы мәдениет үйі 2019 жылы жаңадан салынып, 2020 жылдан бастап республикаға белгілі айтыс ақыны, қайым айтыстың хас шебері Бекұзақ Тәңірбергеновтің есімімен аталады.
Мұнда түрлі мерекелік іс-шаралар, әдеби-музыкалық кештер, патриоттық кездесулер мен шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады. Осындай жұмыстар арқылы мемлекеттік идеологияның негізгі бағыттары – бірлік, отансүйгіштік, ұлттық сана мен мәдени тұтастық қалыптасады.
Қазіргі таңда мәдениет ошағында 6 үйірме жұмыс жасайды. Ғимарат негізінен 2 қабаттан тұрады: 1-қабатта көрермендер залы, 2-қабатта үйірме бөлмелері мен ауылдық кітапхана орналасқан. Сыйымдылығы 100 орындық.
Жыршы, шайырлардың бір шоғыры шыққан қасиетті топырақта жұмыс істеп тұрған руханият орталығы ауыл халқының мәдени-рухани белсенділігін арттырып қана қоймай, елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға қызмет етіп келеді.
"Толқын" ақпарат









