Салықтық рақымшылық – кәсіпкерлерге жасалған қолдау
2026 жылғы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің «Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару қағидаларын бекіту туралы» №13 бұйрығы қабылданып, 24 ақпаннан бастап заңды күшіне енді. Бұл құжат – кәсіпкерлерге көрсетілген маңызды қолдаудың бірі. Әсіресе, соңғы жылдары түрлі экономикалық қиындықтарды бастан өткерген шағын және микро бизнес үшін бұл шешім үлкен мүмкіндік болып отыр. Осыған орай Арал ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ағыбаев Асылбек Қуанышбайұлымен кездесіп, салықтық рахымшылықтың мән-маңызы туралы сұрап білген едік.– Қабылданған Қағиданың басты мақсаты – кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайту және салық берешектерін қосымша санкцияларсыз реттеуге мүмкіндік беру болып табылады. Кейбір кәсіпкерлер негізгі қарызын өтеуге дайын болғанымен, есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар салдарынан берешек көлемі ұлғайып кетеді. Соның нәтижесінде қарызды толық жабу қиынға соғады. Жаңа Қағида осы мәселені шешуге бағытталған,– дейді Асылбек Қуанышбайұлы.
Басқарма өкілінің айтуынша, салықтық рахымшылық микро және шағын бизнес субъектілеріне ғана қолданылады. Ірі салық төлеушілер бұл мүмкіндікке қатыса алмайды.
– Егер кәсіпкердің 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегі болса және ол негізгі қарыз сомасын 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, онда мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылады, — деді ол.
Яғни, басты шарт – негізгі қарызды толық өтеу. Қағида талаптарына сәйкес, көрсетілген мерзімде негізгі берешек толық өтелген жағдайда толық өтелген күнге дейін есептелген барлық өсімпұлдар есептен шығарылады. Берешегі өтелген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салынған айыппұлдар жойылады. Егер 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмаған болса, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС бойынша есепке тұрмау кезеңінде жасалған айналымдар үшін салынған айыппұлдар да есептен шығарылуы мүмкін.
– Бұл кәсіпкер үшін өте тиімді мүмкіндік. Себебі кей жағдайда өсімпұл мен айыппұл көлемі негізгі қарызға жуықтап, тіпті одан асып кетуі мүмкін. Ал енді кәсіпкер тек негізгі соманы төлеп, қосымша қаржылық жүктемеден құтыла алады, — деп түсіндірді Асылбек Қуанышбайұлы.
Айыппұлдарды есептен шығару автоматты түрде емес, белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Салық төлеушілердің дербес шоттары жүргізілетін жергілікті мемлекеттік кірістер органдарында арнайы комиссиялар құрылған.
– Комиссиялар әрбір салық төлеушінің дербес шотын тексеріп, Қағида талаптарына сәйкестігін қарайды. Тексеру нәтижесінде тиісті шешім қабылданып, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Бұл ретте кәсіпкерлерге негізгі қарызды 2026 жылғы 31 наурызға дейін толық өтеу маңызды. Мерзімнен кешіктірілген жағдайда Қағида талаптары қолданылмайды.
Салықтық рақымшылық – тек айыппұлдан босату шарасы ғана емес, бизнесті «таза парақтан» бастауға берілген мүмкіндік.
– Қарыз жүктемесінің азаюы кәсіпкердің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әсер етеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта санкциялар есептелу қаупінсіз жұмыс істеуге жол ашады. Бұл – бизнесті дамытуға, айналым қаражатын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын сақтауға және ашуға ықпал ететін маңызды қадам, — деді ол.
Сондай-ақ ол кәсіпкерлерді өздерінің салықтық міндеттемелерін нақтылап, берешек бар-жоғын тексеруге және мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.
Қағида – кәсіпкерлерге берілген нақты қолдау. Жиналған өсімпұлдар мен айыппұлдарсыз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беру арқылы мемлекет шағын және микро бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасап отыр. Ендеше, уақытты тиімді пайдаланып, берешекті реттеу – әрбір кәсіпкер үшін маңызды қадам.
Н. МАРАТ










