Тоғыз жүлдегердің бесеуі — сырбойылық
Наурыздың 2-сі күні Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағы (Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов) мен ҚР Ұлттық инженерлік академиясы (Академия президенті, академик Бақытжан Жұмағұлов) бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек адамы – 2025» республикалық шығармашылық байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасын қолдау мақсатында өткізілді.Жобаның мақсаты – өндіріс пен инженерлік саланың қоғамдағы мәртебесін арттыру, еңбек адамының шынайы бейнесін көркем әдебиет арқылы кеңінен насихаттау.
Байқауға республика бойынша түскен 50-ден аса шығарманың 9-ы үздік деп танылып, арнайы дипломдар мен қомақты ақшалай жүлде тапсырылды.

Айта кетейік, осы 9 жүлдегердің 5-еуі — Сыр бойынан шыққан қаламгерлер. Атап айтқанда Шархан Қазығұл Арал ауданының («Әулет» нон-фикшн романы үшін), Қуандық Түменбай Шиелі ауданының («Бетпақты кезген біреу» деректі әңгімесі үшін), Ертай Айғалиев Жалағаш ауданының («Су және Толағай» әңгімесі үшін), Жолтай Әлмашев Жаңақорған ауданының(«Ғылымнан тапқан бақытын» деректі романы үшін) және Нұрлыбек Саматұлы Жалағаш ауданының («Көктеткен көктемеген танаптарды» эссесі үшін) тумасы.
Жерлес жазушыларды жүлдегер болуымен құттықтаймыз!
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ










