Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық академик абырой биігінде

Аралдық академик абырой биігінде

Аралдық қаламгерлердің абыройы асып, мерейі таси түсті. 28 маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында жерлесіміз Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, журналист, PR-маман Шархан Нағметұлы Қазығұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Жерлесімізді мерей мұзартымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.
Шархан Қазығұл – қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен «Qogam.kz» порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист – бірнеше публицистикалық кітаптың авторы. Бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрінде өзін таныта білген. Сонымен қатар, PR-маман ретінде де қызмет етті. Ол ҚР Президенті, ҚР Үкіметі және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Баспасөз қызметтерінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі Шархан Қазығұл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде студенттерге дәріс берді.
Жазушының туындысы «Күлпет» романы оқырманнан оң бағасын алып, үздік роман атанған болатын. Қазақстанның социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап қазіргі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттейтін көркем шығармада туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтар салтанат құрған. Адамзат алдындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеген автор басты кейіпкердің жан дүниесін ашумен қатар адамның өзін-өзі тануы мен мына жалған дүниенің барлық құпияларын зерттеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
"Толқын" ақпарат
30 маусым 2025 ж. 70 0