Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ МҰХТАР ОРАЗБАЕВТЫҢ 28-МАУСЫМ - БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУЫ

АУДАН ӘКІМІ МҰХТАР ОРАЗБАЕВТЫҢ 28-МАУСЫМ - БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қадірлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Құрметті сала ардагерлері!
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Журналист болу – халыққа қызмет ету. Сондықтан да журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес. Себебі, қоғамдық сананың рухани жаңғыруы – журналистердің тың ізденістері мен тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде жүзеге асатыны сөзсіз.
Бүгінде ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мемлекетімізде баспасөз бен тележурналистика, ақпараттық сайттар заман талабына сай түрленіп, қоғамға қажетті маңызды ақпараттарды уақытылы таратып келеді. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуда билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары.
Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Алаштың ардақты азаматы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, һам құлағы»,- демекші, осы салада қызмет етіп жүрген жергілікті ақпарат құралдарының еңбектері өлшеусіз. Сіздер аудандағы жаңалықтарды салмақты сөз, салиқалы пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Соның ішінде, еліміздегі күрделі кезеңді еңсеріп, халықтың саулығы мен амандығы жолында бірлікте болуға үндеп келе жатырған қызметтеріңіз бір төбе. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер.
Қымбатты қаламгерлер!
Сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіре отырып, баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілеймін. Еткен еңбек пен төккен тер Тәуелсіздікті тұғырлы етуге жұмсала берсін. Қасиетті қаламның құдіреті шығармашылықтың шыңына көтеріп, абырой-беделдің биігіне асқақтатсын. Мереке құтты болсын!
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
26 маусым 2020 ж. 1 491 0