Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда қаласының әкімі журналистерді құттықтады

Қызылорда қаласының әкімі журналистерді құттықтады

Kyzylorda-news.kz. Құрметті Сыр журналистері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Қазіргі экономикалық, саяси және қоғамдық үрдістердің қарқынды ырғағында қалың жұртшылық жаңалықтар мен қажетті ақпараттарды баспасөз құралдары арқылы алады.
Сіздер тәуелсіз еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде мемлекеттік саясаттың бастамасымен қолға алынған әрбір шараны қолдай отырып, қоғамда орнықты ой-пікір қалыптастырып, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білдіңіздер.

Заман ағымындағы журналистердің еңбегі халықтың көз алдында өтіп жатыр. Қазіргі таңда газет оқымайтын, телеарна көрмейтін, радио тыңдамайтын, интернетке үңілмейтін жан кемде-кем. Бұл ақпаратқа деген сұраныстың күн санап арта түскенін айғақтайды.
Мұндай үдерістер қаламгерлер қауымынан талғамы өскен, танымы тереңдеген оқырман мен көрерменге лайықты қызмет ету үшін тың ізденісті талап ететіндігі сөзсіз. Бүгінгі мерекеде тілшілік тірліктегі тынымсыз еңбектеріңіз бен нақты ақпарат жеткізу жолындағы үздіксіз ізденістеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Қадірлі қаламгерлер!
Сөз, Қоғам және Ар жауапкершілігін арқалаған журналистер қауымы – Сіздердің бұл еңбектеріңіз әркез жоғары құрметке лайық.
Бүгінгі мереке – тек Сіздердің еңбектеріңізге сый-құрмет көрсетілетін, ұшқыр қиялдарыңыздың жемісін ұлықтайтын күн.
Сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Оқырмандар мен көрермендердің көңілінен шығатын тұщымды ақпараттарыңыз көп болсын! Жазарларыңыз таусылмасын!
Әріптестік байланысымыз жемісті болып, алдағы уақытта да мол тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңізді қаламыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени саладағы нығаюына арнайды деген сенімдемін.
Шығармашылықтарыңызға шабыт, отбасыларыңызға амандық, бақыт, береке-бірлік, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
Ізгі ниетпен,
Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев
26 маусым 2020 ж. 744 0