ОҢАШАДАҒЫ ОНЛАЙН ОЙЛАР
Шархан Қазығұл – қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін танымал тұлғалардың бірі. «Нұр Астана» және «Айқара» республикалық басылымдары мен «Qogam.kz» порталы сияқты жобаларды жүзеге асырған журналист – бірнеше публицистикалық кітаптың авторы. Шархан Қазығұлдың осындай ойлы кітаптарының бірі «Оңашадағы онлайн ойлар» деп аталады. Оқырманға автордың оймақтай ойларынан үзінді ұсынып отырмыз.
Алтыншы сыныптан бастап үш ай каникулда хат тасушы болып жұмыс істедім. Бір жазда 240 сом табатынмын. Күзде оқуға баратын кезде бір жылғы киімімді сатып алып, шырттай болып шыға келетінмін. Аралда Космонавтар көшесінде Куликова деген әйел тұрды. Қызы Ленинградта оқитын. Бір күні қызынан хат келіпті. Әлгі әйел үйіне кіргізіп, бір стакан шай мен пирожки берді.
Сонда пирожки деген жарықтықты бірінші рет жегенмін. Аралдың балалары үшін өте таңсық ас. Екінші хат келгенде тағы да әлгіндей пирожкиге тойғызды. «Дәніккен қарсақ құйрығымен ін қазады» деген. Енді Куликованың қызынан күнде хат келсе екен деп тұратынды шығардым. Қайран, балалық-ай!
***Біздің қазақ журналистикасының ең осал тұсы – ақынжазушылар мен әншілерден қайта-қайта сұхбат алғанға шебер. Ал, қазақтың техника мен жаратылыс төңірегіндегі әлемдік деңгейге көтеріліп жүрген ғалымдарымен сұхбаттасуға тісіміз батпайды. Өте өкінішті! Қарап отырсаңыз, өзге елдерде ұлтымыздың беделін асқақтатып жүрген солар емес пе?!
* * * Қазақ мерзімді баспасөзінің бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары туралы соңғы кездері жиі айтыла бастады. «Нұр медиа» мен басқа да холдингтерге қарасты біраз газеттердің порталдық нұсқаларға көшірілуі бұл әңгімені онан сайын ушықтыра түскені рас. Әлемде бұл үрдістің көптен белең алғаны тағы белгілі. «Вашингтон пост» газетін қазір сатып алушылар өте аз. Есесіне, оның сайттық нұсқасын күніне 5 млн. адам оқиды. WWW – нағыз әлемдік шырмауық екенін түсінетін кез әлдеқашан келді.
Әлемдік заманауи жаңалыққа ілесетін уақытымыз туды. Бірақ, қаламын тістемесе, шабыты келмейтін біздің буын қағазды қолына ұстап отырмаса, көңілі көншімейді. Дәл осы жерде есіме «Москва слезам не верит» фильмі түсіп отыр. Есіңізде ме, оператор жігіттің айтқаны? Олай болса, кез келген өнер құрып кетеді дегенге өз басым сене бермеймін.
Газет те қанша жерден кәсіп дегеніңмен өнерге жатады. Өнердің элементтері онда толып жатыр. Сондықтан да, газет құрып кетеді деген әңгімеге әзірше мотивация көріп тұрған жоқпын. Астын сызып айтайын дегенім, бізге газет ісінде үлкен реформа керек. Жылтыр сөзді құрту керек. Қазір ой керек. Қысқа сөздің қауызына әп-әдемі қондыра салатын ойды меңзеп тұрмын. Ой болғанда да ешқайда бұра тартпайтын ортадағы ойды айтамын. Баспасөз беренсөзімен ғана беделді бола алады.
Мен 2008 жылы «Айқара» деген жеке газетімді өз серіктестеріммен бірігіп жарты жыл шығардым. Сол газеттің концепциясын қазіргі мерзімді баспасөзге ұсынар едім. Шын мәнінде, қазіргі заманғы газетте жаңалық жариялап берекет таппайсың. Газет структурасы біздің заманымызда танымдықсараптамалық мақалаларға құрылуы тиіс. Газеттерді қорғап қалудың бір жолы осы. Сонда ғана біз басқалармен бейбіт қатар өмір сүру құқына ие боламыз.
* * * Халық алдына шығып жүргендер, оның ішінде телеарналарды бермейтін шешендер әр сөзін үлкен жауапкершілікпен айтуы керек. Бір депутат «менде ешқандай бос уақыт жоқ» дегенде, мен ішіп отырған шайыма шашалып қалғаным бар. Осындай өтірік сөз не керек?! Басқасын айтпайақ қойдым.
* * * Ешқандай газет абсолютті шындықты айта алмайды. Ол мүмкін емес екенін қолына қалам ұстаған әрбір азамат біледі. Оның үстіне өзіңнің пікіріңе монополия жасау да беделіңді асыра қоймайды. Мұндай жағдайда бәзбіреу айтатын болар: «Мен халықтың сөзін сөйлеп отырмын». Мен айтар едім, бұл да – көп өтірік сөздің бірі. Бұл контексте халық деген ұғым «журналистің ары» деген мағынаны білдірсе керек.
* * * Бірін-бірі көре алмайтын қазақтан бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтын қазақ болсақ екен деп армандаймын.