Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыз су қиындығын да артқа қалдырдық

Ауыз су қиындығын да артқа қалдырдық

Аралқұм елді мекені ел экономикасының күретамыры саналған бірнеше маңызды магистральды желілердің бойында орналасса да, жолдан өзгенің рахатын көрмей келе жатқан ауылдардың бірі еді. Біз осы кезге дейін елге келіп тұрған ауыз суды тасып іштік. Қалаға жақындарымыздың үйіне бара қалсақ, қажет кезде кідіріссіз ағып тұрған ауыз суды көріп, мұндай мүмкіндіктің біздің ауыл үшін де туатын күні алыс емес деген ойға келетінмін. Міне, бүгінде сол үміт жетегінде жүргендердің қуанышы еселеніп, үстімізден өтіп жатқан «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі мекемесі тарататын ауыз судың рахатын сезінудеміз. Бұл жұмыстың қолға алынуы ауылымыз үшін өткен жылдың айшықты жаңалықтарының бірі еді. Енді міне, біз де қалағанымызша ауыз суды пайдалана алатын жағдайға жетіп, тасып ішудің қиындығынан арылып отырмыз. Бұл жоғарғы биліктің халық үшін жасаған маңызды жұмыстарының бірі деп білемін. Себебі, сусыз өмірді елестету былай тұрмақ, оның тапшылығын сезінудің өзі біз үшін азапты өмірмен пара-пар тәрізді. Сондықтан, осы бір қиындықты артқа қалдыруға себепші болған облыс әкімі бастаған, ел ағаларына ауыл халқы өз ризашылықтарын білдіруде.
Иә, қолға алынып жатқан осындай жұмыстарға қарап, елімнің болашағы зор екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізгендей боламын. Өйткені, халқын татулық пен ауызбіршілікке жетелеген елдің ертеңі еңселі, болашағы баянды болмақ. Мен Отанымның осы бағытпен келе жатқанына нық сенімдімін. Бастысы, халықтың көңілі жүдеу, жаны жабырқау болмаса әлі талай асуларды ала береміз деген ойдамын.
Т. Нағашыбаев,
Аралқұм елді мекені.
14 ақпан 2018 ж. 1 289 0