Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол жүру қиындығынан құтылдық

Жол жүру қиындығынан құтылдық

Несін жасырайық, жолдың жайы қазіргі уақытта қай өңірдің де басты мәселесіне айналып отыр. Тақтайдай жолмен барар жеріне кедергісіз жетіп, жайлы жол жүруді кім қаламайды дейсіз?! Бұл мәселеге келгенде, Райым ауылының да өзіндік олқылықтары бар. Айталық, көршілес Водокачка ауылына қатынау мен «Қызылжар-Арал» бағытындағы тас жолға қосылу біз үшін қиын еді. Біз бұл мәселені күні кешеге дейін биліктің назарына ұсынып та келдік.
2017 жылы ауылымыз үшін жақсы жаңалықтарға толы болды десек, соның бірі-біз сөз еткен жол мәселесі болды. Яғни, өткен жылы осы «Райым-Водокачка» жолының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Ауыл маңынан өтіп жатқан Қызылжардың тас жолынан Водокачка ауылы аралығындағы 10 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс жұмыстары 2 жылға белгіленді. Өткен жылы сол жолдың жартысы, яғни, 5 шақырымы салынды. Оған ауылымыздан да  азаматтар жұмысқа тартылды. Жалғасы осы жылы күн жылына бастау алады деп күтілуде. «Қыран» ЖШС-нің міндетіндегі құрылыс жұмыстары осы жылы толық аяқталады деп күтілуде. Міне, осы мәселенің шешімін табатынына көз жеткізген ауыл халқы бүгінде қуаныш құшағында. Осы жұмыстың оң шешімін табуына ықпал жасаған облыс, аудан басшылығына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Бұрындары жақын болса да бізді жолдың бейнеті қажытатын. Дария жиегіндегі ел болғандықтан, абыржы кезеңдерде абдырайтынымыз да жасырын емес. Ал, бүгінде бәрі басқаша. Алла сәтін салып, жолымыз осы жылы толық аяқталса, ауыл халқы үшін үлкен қуаныш болмақ.
Тілекбай Жоланов,
дербес зейнеткер,
Жетес би ауылдық округі.
16 қаңтар 2018 ж. 1 216 0