Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза ауыз су-тіршілік нәрі

Таза ауыз су-тіршілік нәрі

Тауық жылы табысты қорытындыланды. Жылды ақжолтай жаңалықтармен бастаған аудан жұртшылығы үшін жыл бойына сүйінші хабарларға толы болды. Қай салада болмасын, қарқынды даму байқалды. Апаттық жағдайдағы барлық мектептер жаңартылды.
Ескі жылды тарих қойнауына аттандырып, жаңа жыл табалдырығымыздан аттар тұста көңілдері көкке жеткен аудан халқының қуанған сәттерін көрдік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы ауданымызға жасаған сапары естен кетпес тарихи күн болып санамызда сақталып қалды. Сол сапарында ел көңілін шаттыққа бөлеп, ауыз судың тетігін ашып тұрып «ең таза су аралдықтарда» деген болатын.
Аралқұмдықтар енді бұл ауыз судың қиындығын өткен шақпен ғана еске алады. Жаңа жыл қарсаңында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңарту және кеңейту жобалары негізінде жаңа су желісі ашылды.
Ел игілігі үшін жұмыс жасайтын жаңа су айдау нысанында сиымдылығы 500 текше мертді құрайтын су сақтау қоймасы мен 2 сүзгі сорғыш және су дайдау мұнарасы бар. Сонымен қатар, 425 мерт электр желісі де тартылған.
Су айдау нысанының салтанатты ашылу шарасында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев:
- Тәуелсіздікке қол жетіп, егемендікке ие болғалы бері тындырымды істерге куә болып келеміз. Ауданымызда да ауқымды істер еңсерілді. Бүгін міне, Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауылдарыңыз ауыз сумен қамтамасыз етілді. Көп жылдан бергі қиындықтар артта қалды. Ендігі жерде осы нысан игіліктеріңізге жұмыс жасап, рахатын көріңіздер. Алда келе жатқан жаңа ит жылы баршаңызға құтты жыл болсын,-деп өзінің ықыласын білдірді.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Айбосынов, Аралқұм ауылының ардагері О.Сахиев және ауылдың зейнеткері Б.Кірбасовтар барша жиналғандарды меркемен құттықтап, жаңа нысанның ашылуына деген ақ тілектерін білдірді. Сондай-ақ, осы істі мойындарына алып, жауапкершілікпен қарап, сапалы нысанды ұсынған «Бақ Береке-2030» ЖШС-не де алғыстары шексіз екендіктерін жеткізді.
Салтанатты шараның құрметті қонақтары су айнау мекемесін іске қосып, заманауи жабдықталған ғимарат ішін аралады.
Дәл осындай шаттыққа бөлеген ауылдардың бірі шалғайдағы Бөген ауылы. Бұл күн олар үшін де тарихи күн болып естерінде қалды. Таза ауыз су-адам денсаулығының кепілі болса, сол таза ауыз суды әрбір тұрғын өз үйлеріндегі шүмектен еркін пайдалану бақытына ие болды. Жаңа нысанның ауласына жиналғандардың жүзінен  қуаныштың лебі еседі.
«Агроспецмонтаж» ЖШС-нің еңбегінің нәтижесінде 20 шақырымдық аумаққа құбырлар тартылып, мекеменің жаңа тынысы ашылды. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшін үш бірдей су сақтау  қоймасы мен 2 су айдау құрылғысы тынымсыз жұмыс тұр.
Нысанның ашылу салтанатында алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып:
-Айбынды Аралымыз ел егемендігін алған 26 жылдың ішінде көптеген табыстарға қол жеткізіп келеді. Оның барлығы Елбасының көреген саясатының арқасы. Сіздер үшін ауыз су мәселесі алдыңғы орында еді. Енді міне елді мекен тұрғындарын көптен бері толғандырған мәселе де өз шешімін тауып отыр. Оның барлығы-елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік қолдаулардың шерепеті,-дей келе, бөгендіктерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Өз кезегінде Бөген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Әбдікәрімов атқарушы билікке ризашылығын білдірді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.

05 қаңтар 2018 ж. 2 009 0