Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДЫҚТАР ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕКЕТТІ ІСКЕ ҚОСТЫ

АРАЛДЫҚТАР ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕКЕТТІ ІСКЕ ҚОСТЫ

Баршамыз үшін ең қастерлі – Тәуелсіздік күнін мерекелеуді Арал ауданы бастап кетті. Айтулы мереке қарсаңында Арал ауданына қарасты, шалғайда орналасқан Ақбасты елді мекенінде жаңа медициналық бекеттің ғимараты ел игілігіне берілді.
Бұл жаңалық, әсіресе, ауыл тұрғындарын үлкен шаттыққа бөледі. Себебі, аудан орталығынан біршама шалғай орын тепкен Ақбасты жұртшылығына бұл нысан ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар бұған дейін алғашқы ем-шараларды алу үшін аудан орталығына жүгінген болса, бұл мәселе енді талапқа сай медициналық бекетте шешімін таппақшы. Әрі тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануға да ықпалы зор.
Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, жергілікті жұртшылықты қос қуанышпен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында салынған үш медициналық бекеттер тікелей аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқанын жеткізді. Мұнан соң, сөз тізгінін ауыл ардагері Сәуірхан Смағұлов алып, ауыл тұрғындары атынан жылы лебізін жолдап, жалпы жасалып жатқан қолдауларға риза екендіктерін жеткізіп, батасын берді.
Еске сала кетейік, ауданда 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күні қарсаңында дәл осындай екі бекет іске қосылған болатын.
Сая ЕРАЛИЕВА.
19 желтоқсан 2017 ж. 2 626 0