Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдағы міндеттер ауқымды

Алдағы міндеттер ауқымды

Жаңа жылда жаңаша серпінде жұмысын бастаған аудан әкімдігі жылдың алғашқы отырысын өткізді. Онда есепті мерзім ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы сөз болып, жақын арада басталатын кестеге сай ел алдындағы есепті кездесудің жайы пысықталды. Жиынға аудан әкімі М. Оразбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.
Алдымен, мереке қарсаңында өткен аудан әкімінің қайырымдылық шыршасында, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық шараға атсалысып, жақсы деңгейде өткізген аудандағы білім бөлімі мен бірқатар мекеме басшыларына аудан әкімі алғысын білдірді. Сондай-ақ, жиында өткен жылдың соңына дейін жасалған жұмыстар нәтижесіне ден қойып, қордаланған өзекті мәселелерді күн тәртібіне қою керектігі айтылды. Бұл мәселеде жұмыла жұмыс жасау керектігін алға тартқан аудан басшысы, жаңа жылдың алғашқы екі аптасы ауданға келетін жоғары мәртебелі меймандардың іссапарынан бастау алатынын жеткізді. Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен қатар, өзге де түрлі деңгейдегі меймандардың, облыс әкімінің арнайы сапары болуы ықтимал. Аталған меймандардың Арал жеріне табан тіреуі, әрине, көптеген маңызды қадамдарға жол ашуы мүмкін. Осыны ескерген аудан әкімі М. Оразбаев барша әкімдік мүшелерін бірлесіп, жұмыс жасауға шақырды.
Жақында аудан және ауыл әкімдерінің есепті кездесуі өтпек. Осыған орай, жасалған жұмыстар бойынша қандай да бір түсініспеушілік орын алмауын тағы бір мәрте пысықтаған аудан басшысы, жыл соңында болған кадрлық өзгеріске тоқталды. Яғни, жиынға қатысушыларға Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы қызметіне Абай Елешовтің тағайындалғанын жеткізді.
Мұнан соң, аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев жыл көлемінде атқарылатын жұмыстар легін қамтитын көлемді баяндама желісін жиынға қатысушыларға таныстырды. Аудан әкімі М.Оразбаев онда көрсетілген кейбір мәліметтерді әлі де пысықтап, баяндамаға енгізілмей қалған өзге де жұмыстарды қайта тізімге алу керектігін аппарат басшысы мен өзге де жауапты бөлім басшыларына жүктеді. Сонымен қатар, баяндаманы аудандық «Толқын» газетіне жариялап, оқырманды ақпараттандыру қажеттігін тапсырды. Осылайша, жыл басында жаңа жұмыс кестесі бойынша іске кіріскен аудан әкімдігі алғашқы жиында бірқатар мәселелерді пысықтады.
(Өз тілшімізден).
05 қаңтар 2018 ж. 1 427 0