Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық жоспарды 141%-ға асыра орындады

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жылдық жоспарды 141%-ға асыра орындады

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ТҮҚЖБ) 2017 жылы жалпы сомасы 256 млрд теңгені құрайтын 37 мың заем берген.


Аталған көрсеткіш осы жылға жоспарланған межеден 141%-ға асып түсіпті. Бұл туралы баспасөз мәслихаты барысында «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
«Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаевтың мәлімдеуінше, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2017 жылы 181 млрд теңге көлемінде заем береді деп жоспарланған екен. Алайда банк 11 айда жалпы сомасы 256 млрд теңгені құрайтын 37 мың заем ресімдеген. Бұл жылдық жоспардың 141%-на тең.
«2017 жылдың басында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 700 мыңдай салымшы болса, бүгінгі күні аталған көрсеткіш 1 миллионнан асып кетті, ал жалпы жинақ сомасы 492 млрд теңгені құрап отыр.
Банк басшылығы бизнес процестерін оңтайландыруға қатысты үлкен жұмыстар атқарды, нәтижесінде қазір күніне орта есеппен 2,5 мың келісім-шарт бекітіледі. Бұрын бұл сан 1 мыңның төңірегінде еді», – деп мәлімдеді Қайырбек Өскенбаев.
«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың сөзіне қарағанда, 2017 жылы мұндай үлкен жетістіктерге жетуге бизнес процестерін оңтайландыру және цифрландыру көмектескен екен.
«Мысалы, қоғаммен байланыс орнату формасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінің барлық бағытында кездеседі. Біз банктің қоғамдық кеңесімен тығыз байланыста жұмыс істейміз, ұйымда орын алған түрлі жағдайларды бірлесіп талқылаймыз.
Сондай-ақ аймақтарда пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлерді осы қоғамдық кеңес мүшелеріне көрсетіп отырамыз. Қазіргі уақытта әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша үлкен жоба басталып жатыр, осы себепті қоғамдық кеңес мүшелері әскери бөлімшелерге барып, банкте қандай қызмет қажет екенін талқылайтын болады».
«Қоғаммен байланыстың келесі бір деңгейінің банк жұмысына тікелей қатысы бар», – деп сөзін жалғастырады Ләззат Ибрагимова. – «Клиенттерімізден келіп түсетін шағымдарды қабылдайтын call-орталығымыз бар.
Телефон арқылы жүретін барлық әңгіме жазылып отырады. Кейін ол жазбалар талданып, сараланады. Осының арқасында қызметіміздің қай тұсы кемшін қалып жатқанын, қай бағытты жақсарту керек екенін көріп отырамыз. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер арқылы хабарласатын клиенттеріміздің де қатары көп. Мұнда да әр жағдайды жеке қарастырып, жауап береміз».
Салымшылардың пікір-ұсыныс білдірулерінің арқасында қабылданған жүйелі шешімдердің бірі – комиссияның алынып тасталуы дейді банк басшысы.
«Салымшыларымыздың көпшілігі – 150 мың теңге төңірегінде орта жалақы алатын адамдар. Олар үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашу, келісім-шарт сомасын ұлғайту кезінде алынатын комиссия мәселесі тым-тым өзекті болды.
Комиссия келісім-шарт сомасының 0,55%-ын құрайтын. Яғни 5 млн теңгеге шарт жасасу үшін 25 мың теңге төлеу керек болатын».
«Халық одан да бұл ақшаны депозитке салған дұрыс қой деді. Жалғыз акционер тарапынан толық қолдауға ие болған соң, біз комиссияны мүлде алып тастау туралы шешім қабылдадық.
Бұл тамаша нәтижелерге алып келді. Осы жылдың қорытындысы бойынша 300 мыңнан астам жаңа келісім-шарт аштық», – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төрайымы.
Ләззат Ибрагимова банктің 2023 жылға қарай экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 17%-ын депозитпен қамтуды стратегиялық жоспар етіп отырғанын жеткізді. «Біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жолда салымшыларымыздың ой-пікірлерін естіп, тыңдап, ескеруге тырысатынымыз да үлкен рөл ойнап отыр».
22 желтоқсан 2017 ж. 1 449 0