Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2018 жылда БЖЗҚ-дан жинақталған соманы кімдер бірден ала алатыны айтылды

2018 жылда БЖЗҚ-дан жинақталған соманы кімдер бірден ала алатыны айтылды

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаражаттарын бірден ала алмайды.

Бұдан былай оларға жинаған ақшалары ай сайын төленетін болады, -деп жазады Altaynews.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан өзгеріске ұшырайды.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаеваның сөзіне қарағанда, бұл өзгерістер 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасында көрсетілген.
Тұжырымдаманың бұл нормалары 2015 жылы мақұлданғанымен, күшіне 2018 жылдың қаңтарынан бастап енеді. Сонымен зейнеткер жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана жинақталған қаржысын толық ала алады.
2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. «Үкімет Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12/1) айқындалады.
Әдістеме бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы, алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті ескеріледі.
Зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенті дегеніміз зейнетақы жинақтарының инвестициялық басқаруда болған мерзімін есепке ала отырып, олардың болашақтағы құнын ескеретін көрсеткіш. Зейнеткердің қорда жинақталған сомасы осы коэффициентке көбейтіліп, 12-ге бөлінеді.
Одан шығатын сома зейнетақы Қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады. Бірақ, ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмауы тиіс», – дейді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Байділдаева.
Жаңа жылдан бастап Қордағы жинақталған соманы бірден шешіп алу құқығы тек шетелге тұрақты қоныс аударғандар мен қайтыс болған зейнеткерлердің мұрагерлеріне ғана беріледі.
Тіпті бірінші және екінші топтағы мүгедектер де жинаған қаражаттарын бөлшектеп алатын болады. Шетелге кеткендерге қаражаттарын алу үшін өтініш жазып, қажетті құжаттарды ресімдеу керек.
Мұрагерлерге жарты жылдан кейін мұрагерлік туралы құжаттардың негізінде жеке шоттағы қаржыны бірден шешіп алуына болады.
08 желтоқсан 2017 ж. 2 031 0