Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдық жерлерде бизнес ашудың жаңа мүмкіндіктері бар

Ауылдық жерлерде бизнес ашудың жаңа мүмкіндіктері бар

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мен «ҚазАгроКепіл» АҚ Басшылығы брифинг өткізді. Қатысушылар қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз етуге тартылған шаруаларға мемлекеттік қолдаудың тиімді құралы ретінде шағын қалаларда және ауылдық жерлерде несие, шағын несиелерді кепілдендіру туралы баяндады.
2017 жылы «ҚазАгроКепіл» АҚ АӨК-тің дамуына зор үлес қосты. Қазақстандық шаруалар үшін қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыз ететін және ауыл бизнесін тұрақты, қарқынды дамытатын жаңа ыңғайлы қолдау құралдары пайда болды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2016 жылдың 29 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысымен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. «ҚазАгроКепіл» АҚ бағдарламаның екінші бағыты бойынша, атап айтқанда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер бизнесін ашу, сондай-ақ қолданыстағы бизнесті кеңейтуге бағытталған шағын қалалар мен ауылдық жерлерде шағын несиелерді/несиелерді кепілдендіру бөлігі бойынша жұмыс жасайды.

Көптеген шаруалар несие алу кезінде кепіл қою жетіспеушілігі мәселелеріне тап болатыны белгілі. Нарықта ауыл мүлкінің төлем өтімділігі төмен болуы шаруаларға қажетті қаражатты алуға мүмкіндік бермейді. Мемлекет, шаруалардың мәселелерін түсіне отырып, оларға қол ұшын созды және дәл бүгін оларда бюджет қаражаты есебінен кепілдік алу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда, кепілдендіру құралдарын 183 шаруа пайдаланды. Ерекше атап өтетін бір жайт кепілдік алған 44% (80 шаруа) – бұл стартап-кәсіпкерлер, яғни бизнесін жаңадан ашқан кәсіпкерлер болып табылады. Жаңа кәсіпкерлердің үлесі 1 жылдан 3 жылға дейін 24% (45 шаруа) құрайды. Кепілдік алуға өтініш берген жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үлесі – 32% (58 шаруа).
Қазіргі таңда берілген кепілдіктердің жалпы сомасы 970 млн. теңгені құрайды. Қарыз кепілдігі бойынша – 8,7 млн. теңге, орта кепілдік сомасы – 5,3 млн. теңге.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында кез-келген кәсіпкер ауылдық жерлерде және шағын қалаларда «Аграрлық несие корпорациясы» қорландыратын кредиттік серіктестіктерден және МҚҰ-нан несие ала алады. Кепіл жетіспеген жағдайда, кәсіпкер кепілдікті «ҚазАгроКепіл» АҚ-нан алуына болады.

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының қатысушылары жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және оның мүшелері болуы мүмкін.
Кепілдендірілетін несиенің негізгі белгілері. Ең жоғарғы сомасы-18 млн. теңгеге дейін. Кепілдік тек 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап КС/МҚҰ берген несиелер бойынша табысталады. Несиелендіру/кепілдендіру мерзімі – 5 жыл. Мал шаруашылығы және АШӨК ашу саласында – 7 жыл. Кепілдендіруге соңғы қарыз алушы үшін жылдық ставкасы 6% бойынша берілген несиелер жатады.
Кепілдік мөлшері өзгеріп отырады. Жұмыс істеп тұрған бизнес үшін несие сомасынан 50% -ға дейін жабылады. Жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін несие сомасынан 85% яғни, жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге несие сомасының 15%-ын жабатын кепілдігі болса жеткілікті. Қалған 85% «ҚазАгроКепіл» АҚ жауапкершілікке алады. Мысалы: 450 мың теңге нақты кепілдік болса, жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкер 3 млн. теңгеге дейін несие ала алады.
Келесі жылы кепілдендіру өтініштерін 750 бірлікке, ал 2019 жылы – 760-қа дейін ұлғайту күтілуде. Яғни, үш жылдың ішінде 1800-ге жуық фермерлер өз ісін дамытуға біздің кепілдікті алу арқылы несие ала алады.

Қазіргі уақытта, несиелендіретін компаниялармен бірлесіп құжаттарды берудің біріздендірілген жүйесі әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, шаруа несие және кепілдік алуға өтініш беру үшін қажетті құжаттардың жалпы тізімі құрылады. Құжаттардың бірыңғай формуляры талқыланып жатыр, бизнес-жоспар жобасына талаптар жүйеге келтіріледі.
Бұл жаңашылдық шаруаларға несие немесе лизинг алу үшін нақты уақыт режимінде қажетті құжаттарды тапсыруға мүмкіндік беретін «ҚазАгро» Холдингінің несиелік өтінімдерді жинау және өңдеу жүйесінің іске қосылуымен өзара байланысты, сонымен қатар компаниялар кеңселеріне аяқ баспай, осы жүйе арқылы бақылап, ақпарат алуға және уақыт пен қаржы құралдарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

08 желтоқсан 2017 ж. 1 753 0