Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бойынша бағдарламаларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Стратегияның басты мақсаты сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне атымен төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту. Осыған байланысты Қазақстанда жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілді.
«Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру» тақырыбында Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әлем» волонтерлық орталығымен біріге отырып еліміздің бірқатар жоғарғы оқу орындарында студенттермен кездесу өткізді. Кездесу ұйымдастырылған ЖОО-дары қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Астана медициналық университеті бар. Сонымен қатар, әскери борышын өтеп жатқан борышкерлер арасында да үгіт-насихат шаралары өтті.
Кездесу барысында Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық бойынша жалпы мәселелер талқыланды. Арнайы шақырылған спикерлер студенттермен сыбайлас жемқорлықтың мемлекет пен қоғамның дамуына теріс әсерлерін баяндады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша жүзеге асып жатқан әдістер мен сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруге бағытталған жоспарлар айтылды.
Студенттерге жемқорлықтың қайғылы салдарын көрсететін арнайы дайындалған әлеуметтік роликтер көрсетілді, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетті әркім бірінші кезекте өзінен бастау керектігі, ал жемқорлыққа итермелейтін жағдайлар орын алғанда құзыретті органдарға бірден хабарлау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесу қызықты, әрі нәтижелі болуы үшін аудитория билік және өмір сүру шарттарына наразы халық болып екіге бөлініп, дебаттар өткізді. Бұл еліміздегі маңызды мәселелерді, сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларды анықтауға, оны шешу жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Дебат жеңімпаздары кубоктар және грамоталармен марапатталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия аясында шаралар кешені әлі де жалғасып келеді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастар арасында аталмыш тақырыпты кеңінен тарату жоспарлы түрде іске асып жатыр.


08 желтоқсан 2017 ж. 2 078 0