Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайластық – қоғам дерті

Сыбайластық – қоғам дерті

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс- әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық өмір сүріп отырған қоғамда кім-кімді де болса толғандырып жүргені жасырын емес. Өзінің жеке мүддесі үшін пара берушілер жоқ емес, бар. Олар бұл іске саналы түрде барады, ал кейбірі білместікпен опық жеп қалады. Жемқорлықпен ұсталып, заң алдында жауап беріп жатқандары да бар. Бірақ, ар-намысты ойлап жүргендер қоғамда аздау. Бірқатарының ойы-жеп қалу, қарпып, асап қалу. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Ол үшін не істеу керек деген заңды сұрақ туады. Көп болып бұл дерт ке қарсы тұрып, күресуіміз қажет. Жалпы, бұл-жегі құрт іспетті, қауіпті қылмыс. Жемқорлықпен белсенді түрде күреспесек, адам санасын улап, ауруға шалдықтырары сөзсіз. Қоғамда әдетке айналып бара жатқандай. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген осы да. Алайда, одан арылудың жолы бар. Десе де, пара, сыбайлас жемқорлық, алаяқтық бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, телеарналардан көрсетіліп жатса да, әлі күнге тыйылар емес. Дегенмен де, еліміздегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының арқасында біршама алға басушылық байқалады. «Көп түкірсе-көл» демекші, халық болып жол бермеуге тиіспіз. Не нәрсенің де алдын алсақ, ол әдеттен арыларымыз сөзсіз. Жалпы, өз құқын, әрі заңды білетін, сауатты адам мұндай қылмысқа бармайды.
Иә, Елбасы рухтың жаңғыруын ұлттың жаңғыруына, ұлттық кодымызды сақтауға бағытталған тарихи бағдарламалық мақаласында ұлттық сананың жақсы жақтарын құнды құдіретке балаған еді. Сондықтан, ұрпағымызға жақсы тәрбие береміз десек, көлденең табысқа қызықпай, маңдай термен еткен адал еңбегінің жемісін жеп, ешкімнің ала жібін аттамай, адамгершілік қасиетімізді сақтап, үлкенді сыйлап, жемқорлыққа жоламай, таза да адал еңбек еткенге не жетсін, шіркін! Сондықтан, бұл дертті қоғамнан аластау-өз қолымызда. Ал, жүргізген жүйелі жұмыстарымыз өз нәтижесін берері сөзсіз.
Раш СЕРАЛИЕВА,
Арал аудандық қазынашылық басқармасы
басшысының уақытша міндетін атқарушы.
11 желтоқсан 2017 ж. 3 137 0