Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Филиппинде тайфуннан қаза тапқандар саны 114 адамға жетті

Филиппинде тайфуннан қаза тапқандар саны 114 адамға жетті

Филиппинде "Калмаеги" тайфуны салдарынан қаза тапқандардың саны 114 адамға дейін өсті. Бұл туралы GMA Integrated News елдің Азаматтық қорғаныс басқармасының (OCD) деректеріне сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

OCD баспасөз хатшысының орынбасары Диего Марианоның мәліметінше, қазіргі уақытта 127 адам хабар-ошарсыз кеткен, ал 82 адам түрлі жарақат алған.

Өлім-жітімнің ең көп бөлігі Себу аймағында тіркелді, мұнда 71 адам қайтыс болды. Сондай-ақ Негрос аралында 30 адам, Агусан-дель-Сур провинциясында алты, Оңтүстік Лейтте екі адам көз жұмған.

3 қарашада соққан "Калмаеги" тайфуны кезінде 150 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Билік 3 метрге дейін жеткен нөсер жаңбыр мен қатты жел, теңіз толқындары туралы ескерту жасаған болатын.

Мамандардың айтуынша, орталық Негрос аралында жауған жауын-шашын Канлаон жанартауы маңында сел жүру қаупін күшейткен.

ABS-CBN News агенттігінің дерегінше, табиғи апаттан 706 мыңға жуық адам зардап шеккен, олардың жартысына жуығы эвакуациялық орталықтарға орналастырылған.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Калмаэги» тайфунының салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Филиппин президенті Фердинанд Маркосқа көңіл айтты.


Фото: baq.kz 
06 қараша 2025 ж. 46 0