Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Филиппинде жойқын тайфуннан кемінде 40 адам қаза тапты

Филиппинде жойқын тайфуннан кемінде 40 адам қаза тапты

Филиппиннің орталық бөлігін соққан биылғы ең қуатты тайфундардың бірі – «Калмаеги» салдарынан кем дегенде 40 адам қаза тауып, жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Дүлей дауыл Орталық Себу аралын және көрші аймақтарды қатты зақымдады. Толассыз жауыннан кейін тасқын су көшелерді шайып, көліктер мен контейнерлерді ағызып әкетті. Көптеген тұрғындар шатырларға шығып, көмек күткен.

Апат аймағында іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Дауылды жоюға жұмылдырылған Филиппин әуе күштерінің тікұшағы Минданао аралында апатқа ұшырап, экипаждың алты мүшесі қаза тапты.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, 400 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Себу провинциясының губернаторы Памела Барикуатро жағдайды «соңғы жылдардағы ең жойқын тасқын» деп сипаттады.

Біз желден қауіп күткен едік, бірақ ең үлкен қатер судан келді, – деді ол.

Филиппинде жыл сайын шамамен 20 тайфун тіркеледі. Бұл табиғи апат соңғы бір айда елді шарпыған екі ірі тайфуннан кейін соғып отыр.

Фото: baq.kz
05 қараша 2025 ж. 71 0