Бұқаралық ақпарат өкілдері теңбіл доп бәсекесінде бақ сынасты
Биыл аудандық «Толқын» газетінің 95 жылдығы мен ұлт әдебиетінің алыбы, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Бүгін аталмыш мерейтой аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев қатысып: -« Бүгінгі шағын футбол турнирі — осы мерейлі күнді спорттық көңіл-күймен айшықтап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы бірлік пен достықты нығайтуға, салауатты өмір салтын дәріптеуге арналған игі бастама. Өткен жылы Қамбаш көлінің жағажайында БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан жарыс өткен болатын. Биыл да сол игі дәстүр өз жалғасын табуда.Сіздер елдің сөзін сөйлеп, шындықтың шырағын жағып жүрген қалам иесісіздер. Бүгін сол қаламдарыңызбен қоса шаршы алаңдағы шымыр шеберліктеріңізді көрсететін сәт туды. Барлық командаларға әділ ойын, жарасымды бәсеке және сәттілік тілеймін!» - деді.

Сонымен бірге «Сырмедиа» ЖШС бас директоры М.Аралбаев сөз алып, аудандық басылымның мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға ризашылығын жеткізіп, қатысушыларға жеңіс тіледі.
Тартысты доп додасына Сыр журналистикасының кәсіби мамандары мен осы салада еңбек ететін азаматтардан жиналған 5 команда қатысып, бақ сынасты.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі І орынды «СырМедиа» командасы иеленсе, ІІ орын «Меншікті тілшілер» командасына бұйырды. Ал ІІІ орынға «Қызылорда 2» командасы лайық деп танылды. Осы турнирге белсене қатысқаны үшін «Толқын 95», «Қызылорда 1» командалары ынталандыру сыйлығына ие болды.
Ойын барысында жеке шеберлігімен көзге түскен ойыншылар да назардан тыс қалмады. Үздік ойын өрнегін көрсеткендерге « Үздік сұрмерген», «Үздік қақпашы» , «Көрермен көзайымы», «Үздік ойыншы» номинациялары табысталды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар кубок, медаль, диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

"Толқын" ақпарат








