Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік

Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік

2017 жылғы 12 желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) филиалдарының барлығында «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбында Ашық есік күні өтті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелердің заманауи жай-күйін салымшыларға түсіндіріп, халыққа насихаттауды жалғастыруда. Бұл жолы салымшылар үшін өзектілігі мен маңызын ешқашан жоғалтпайтын зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тақырыбы алынды.
Аталған іс-шараға келгендер БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының қалай жиналып, түрлі қаржы құралдарына инвестиция түрінде қалай құйылатындығы жөнінде хабардар болды. Инвестициялаудан түсетін табыстың инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін екеніне орай нақты жинақ пен салынған жарна сомасы арасында айырма сомасы пайда болады. Бұл айырма алушыларға зейнетақы төлемдерін алуға құқық берілген кезде төленеді. Мемлекет кепілдігі бойынша төлемге құқықтың кімге берілетіні, сондай-ақ төлемді алу үшін қайда бару керектігі жайлы Қор қызметкерлері толық айтып берді.
Ашық есік күні бағдарламасында «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тұсаукесері қамтылған. Онда Қазақстан Республикасында зейнетақы жинақтарының сақталуы мен табыс мәселелеріне қатысты толық ақпарат таратылды. Іс-шараға қатысушыларға тұсаукесерден соң өздерін қызықтыратын барлық сауалдар мен жеке кеңес алу мүмкіндігі берілді.
БЖЗҚ Қызылорда облысының филиал қызметкерлері елімізде зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктің бірегей жүйесі жұмыс істейтінін атап көрсетті. Мемлекет БЖЗҚ-ға нақты салынған міндетті зейнетақы жарналарын зейнетке шыққан сәттегі инфляция деңгейін ескеріп сақтауға кепілдік береді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес алушыларға мемлекет БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдеріне құқық берілген сәттегі инфляция деңгейін ескеріп, нақты салынған зейнетақы жарналары мөлшерінде сақтауға кепілдік береді. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы табыстылықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіндегі инфляция деңгейіне қатынасы есептеледі. Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болатын болса, мемлекет бұл айырмашылықты өтейді. «Бұл қаржы нарықтарында жағдайдың қалай өрбитініне және инвестициялық табыстың қандай болатынына қарамастан, салымшылардың жинақтары сенімді түрде қорғалады деген сөз. Зейнетақы активтерін сақтау кепілдігі барлық жинақтың БЖЗҚ-ға шоғырландырылуы арқылы да қамтамасыз етіледі. БЖЗҚ акционері – Үкімет, ал сенімді басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» - деп түсіндірді Сарсембаев Алмас - филиал директорының орынбасары.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Ашық есік күнін тұрақты түрде өткізеді. Дәл осы күні кез-келген адамға Қордың стандарт қызметтерінің топтамасы ұсынылып қана қоймай, сонымен қатар олар зейнетақы жүйесі және Қордың жалпы жұмысы жайлы жаңа мәлімет ала алады.
Iс-шараға шамамен 150 қала тұрғыны келді. Ашық есік күніне алғаш келген салымшылардың бірінің сөзіне сүйенсек, іс-шара өте қызықты болған. «Мен жаңа әрі пайдалы көп ақпарат алдым. Жеке кеңес алып, келешекте де осындай кездесулерге келіп тұратынымды түсіндім. Енді өз туыстарыма, таныстарыма, әріптестеріме, көршілеріме де келуге кеңес беремін. Зейнетақы мәселесі баршамызға қатысты. Сондықтан біз зейнетке шыққанда болатын өзгерістер, жаңалықтар туралы біле жүруіміз керек. Ең бастысы, жинағымыз түгел», - деді іс-шараға қатысушы.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. «БЖЗҚ» АҚ акцияларының мемлекеттік топтамасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруында. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін көтеру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.
Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz
12 желтоқсан 2017 ж. 1 660 0