Тағылымы мол танымдық кеш
Теңізді өлке топырағында ұрпаққа үлгі көрсете білген талай ақын-жазушылар мен батыр-бабаларымыз аунап өскен. Иә, тарихы тереңде жатқан Арал өңірі киелі өлке десек артық болмайды. Осы тарихи өлке жайында қалам тербеп, келешекке асыл мұра ретінде қалдыру мақсатында еңбек етіп жүрген ақын-жазушылар жетерлік.
Таяуда аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жазушы, журналист, «Меценат. Кз» әдеби байқауының жеңімпазы Шархан Қазығұлдың шығармашылығына арналған кеш өткізілді.
Шархан Қазығұл 1956 жылы айдынды Арал өлкесінде дүниеге келіп, 80-ші жылдардан бастап қазірі кезге дейін жазушы-қаламгерлік қасиеті оны қазіргі қазақ журналистикасында өзіндік стилімен қалыптастырды. Арал өлкесі жайында тебірене жазып, туған жеріне деген ыстық ықыласын білдіре білген Шархан Нағыметұлы баспасөз беттерінде ұзақ жылдан бері өзіндік орнын қалыптастыра білген.
Салтанатты шара алдымен аудандық мәдениет үйінің фойесінде орналасқан «Парасат биігіндегі жазушы» кітап көрмесінен басталды. «Қарапайымдылықты жақсы көремін», – деген Шархан Нағыметұлы кездесу бастала сала ашық-жарқын қасиетімен жұртшылықты таңғалдырды.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қарымды қаламгерге туған жерге ат басын бұрып келгеніне ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Мұнан соң кездесуде 2022 жылы алғаш рет Қазақстандағы үздік романға жарияланған жобада Шархан Қазығұлға «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты атағын берген «Күлпет» романының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Атаулы туындыда еліміздің социализм дәуіріндегі кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын басты кейіпкер Әбужан Райысовтың өмірі мен тағдыры арқылы суреттеліп, оқырманды баурап алады. Сондай-ақ көркем шығармада туған жерге деген махаббат пен шынайы патриотизм, қазақ әйелінің адалдығы, ұлттық дәстүрді сақтау сияқты құндылықтарға терең бойлаған жазушы адамзат алдындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді.
Кеште ақын-жырау, күйші-композитор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Мұрат Сыдықов сөз алып, қаламгер шығармашылығынан сыр шертті. Мұнан соң шараға қатысқан жазушының сыныптас достары Шархан Нағыметұлының жастық шағына тоқталып, ыстық естеліктермен бөлісті.
Кездесуде одан әрі қаламгер оқырмандардың «Күлпет» кітабы туралы әр сауалына әдемі әзіл, әсерлі ойлармен жауап беріп, көпшілікті бірде күлдірді, бірде сүйіндірді.
– «Күлпет» романымдағы басты кейіпкер Абужан мен туған жер арасындағы тартылыс күшін үш ұрпақ сабақтастығы арқылы жеткіздім. Бұл – ұрпағымыз жаһандану кезеңінде жұтылып кетпесін деген ниетпен жазылған шығарма, – дейді жазушы.
Көпшілік ықыласына бөленген шығарма жиналған жұршылықты қызықтыра отырып, сырлы сұхбатқа жалғасты. Шара соңында қалың көпшілік ел ризашылығына бөлене білген қаламгер Шархан Қазығұлмен естелік суретке түсіп, алғыс білдірді.
«Толқын» ақпарат