«Теңізбен тілдескен ауыл»

Кітапты ашқаннан халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осы кітапқа қолжазба қалдыру сәтінен фотосурет салынған. Одан әрі ауданның әкімі болған Мұхтар Оразбаевтың кітапқа алғысөзі берілген. Талай батыр мен биді, ақын мен жырауды бесігінде тербеткен Арал топырағы жайында, оның ішіндегі ерекшелеп бүгінгі «Жалаңаш» ауылының арғы-бергі тарихына тоқталған. Мұнан соң автор Аралдың кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып, теңіз-ана жайлы толқынысын бүкпесіз жазған. Негізі кітап 5 тараудан тұрады. Алғашқысы аты айтып тұрғандай, «Теңізбен тілдескен ауыл» деп аталады. Одан соң «Естен кетпес есімдер», «Суреттер сыр шертеді» (кешегі ауыл), «Туған жерді түлеткендер» және V тарау «Суреттер сыр шертеді» (бүгінгі ауыл) жайында ауыл өмірі жайлы құнды дүниелер жинақталған.
Осы кітаптың тұсаукесер сәтіне куә болдық жақында. Жалаңаш елді мекеніндегі ауылдық клубта ауыл тұрғындары жиналған. Кітаптың тұсаукесер салтанатты рәсіміне ауыл әкімі М.Құтмамбетов, Арал ауданының құрметті азаматы, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Ж.Жақып және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Т.Абылаев арнайы қатысып, кітап авторына деген өздерінің шынайы ықыласын білдірді. Ауыл тұрғындары да мұндай еңбектің нәтиже беріп, құнды жәдігер ретінде жинақталуына бірден-бір күш салған азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ізгі тілектерін арнады.
Иә, өшкенін жандырып, ұмыт қалғандарды қара орман халқымен қайта қауыштырар осындай туындыны дүниеге әкеліп, кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырар мұндай перзенті бар ел бақытты. Ауданның қай жері болмасын тұнып тұрған тарих, қайнаған тірліктің ошағы. Тек сол бір өткен мен бүгінді жалғайтын осындай дүниелердің қатары сирек. Сол құнды жәдігерлердің қатарына қосылған осы бір туынды бұдан былай да қолдан-қолға өтіп, жұртшылықтың сұранысына ие болады деген сенімдеміз.
А. БИСЕНОВ