Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Теңізбен тілдескен, уақытпен үндескен ауыл

Теңізбен тілдескен, уақытпен үндескен ауыл

Арал ауданы Мергенсай ауылдық кеңесіне қарасты Жалаңаш ауылы Арал теңізі жағасына қоныс тепкен. Бұл ауылдың іргетасы 1920 жылы қаланған. Бүгінде ажарлы да базарлы ауылға айналған құтты мекеннің 90 жылдық тарихы бар.Теңізбен тілдескен, уақытпен үндескен ауыл топырағынан есімі елге танымал талай текті тұлғалар нәр алған. Осыған орай қарымды қаламгер, жазушы-журналист, осы ауылдың тумасы Еркін Әбіл туған топырағының тарихы жайлы «Теңізбен тілдескен ауыл» атты деректі хикаятын жарыққа шығармақ. Тарихи-танымдық кітапта киелі мекен, оны өркендетуге үлес қосқан азаматтар жайлы әңгіме қозғалады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі түлектер дерегі мен ауылдың 90 жылдық тарихы баяндалады.

Төменде осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

Жасымыз ұлғайғанымен, балалық бал дәуренді өткізген ауыл көз ал­дымда. Өмір есігін ақбас толқындары жарыса жүйткіп жататын Арал теңізі жағасындағы 90 жылдық тарихы бар «Бірлестік» ауылында ашқанмын. Көк теңіз толқындарының гүрілі, алып кемелердің айқайы әлі күнге дейін құлағымыздан кетпейді.

Көнекөздердің айтуынша, 1930 жылы он елді мекеннен Тастүбек, Қарабұлақ, Кішіқұм, Сарықұм, Үш­шоқы, Мергенсай, Жалаңаш, Дәкі, Сарышығанақ, Сарышоқыдан «Бірлес­тік» атты жаңа шаңырақ бас көтереді. Алғашқы колхоз басқармасы болып Балымбет Домбаев жұмыс істеген. Теңіз жағасында болғандықтан ата­кәсіп балық аулау болған, төрт түлік мал да өсірген.

1934 жылы «Бірлестік» колхозы қайта ірілендіріліп, үш елді мекеннен тұратын, кезіндегі «Мирзоян» кейінгі Жамбыл атындағы колхозы құрылады. Ал, 1960 жылы «Бірлестік» пен «Жам­был» колхозшылары бірігіп, Жамбыл атындағы балық колхозы болып қайта ұйымдастырылған. Осы колхозды бас­қарып, ел-халықтың несібесін мо­­лайтуға өзіндік қолтаңбасын қал­дырған айтулы ата-ағаларымыздың есімін атамаса болмас. Тізбелеп айтар болсам, 1928-1932 жылдары Домбаев Балымбет, 1932-1934 жылдары Үмбетов Иса, 1934-1935 жылдары Сәрсеев Ысқақ, 1935-1936 жылдары Ранов Әмел, 1936-1938 жылдары Демесінов Мақсұтқали, 1938-1942 жылдары Жантекеев Әбжан, 1942-1946 жылдары Құдайбергенов Қал­жан, 1946-1950 жылдары қайта­дан Жантекеев Әбжан, 1963-1988 жыл­дары Жүсіпов Әбдіқали, 1988-1995 жылдары Сейітов Сүйеубай болса, 1996-1997 жылдары колхоз басқарма төрағасы, ал 1997-2003 жылдары коо­ператив төрағасы, 2003 жылдан бері Мергенсай ауылдық округінің әкімі Құтманбетов Марат қызмет жасап келеді. «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Әленов Табын.

Мергенсай ауылдық округіне қа­расты «Тастүбек» колхозы 1941-1948 жылдары «Миллионер колхоз» атанған. Оның басқарма төрағасы Бақыт Рысқалиев Социалистік Ең­бек Ері атағын алған. Сондай-ақ, ба­лық ау­лаудағы ерен еңбегі үшін Сапаров Әбіш пен Ахметов Жанғали «Еңбек Қызыл ту», ал Зұлқарнаев Қожабай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Сонау 1970 жылдардың орта шені болатын. Алланың жазмышы бо­лар, Теңіз-ана тартылып бара жатты. Алып кемелер мен ескекті қайықтар теңіз жағасында, қайырлап қалды. Кемелер біздің ау­ыл іргесіндегі «Сарышығанақ» тү­бегіне жинақталып, қайырлаған ке­мелер музейі пайда болды. Ондаған кеме тұрған осы «Сарышығанаққа» еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелдік азаматтар да ат басын бұрып, қайырлап қалған кемелердің келбетін көріп, күңіренген дауыстарын естіп бас шайқасатын.

Теңіз суы тартылып, азаюына байланысты тұздана бастады. Осыдан да ақшабақ пен тыран, тісті мен сазан, ақ балық пен жаян, қаяз бен бекіре балық жоғалды. Атакәсіптен айрылған балықшы ауылы тұрғындары тұрмыс-тіршіліктің тауқыметін тартып, тұз бен құм көшкіні астында алмағайып күн кешті. Арал аймағының өзге ауыл тұрғындары тіршілік қамы үшін басқа жаққа үдере көшіп жатты. Оны айтасыз теңіз жағасындағы «Ауан», «Ұялы» елді мекендері тып-типыл болған еді. «Бірлестік» ауылы тұрғындары тіршілік тауқыметін тарт­­са да келешекке күдікпен емес, үміт­пен қарап, бірде-бір шаңырақ іргесін көтерген жоқ. Бір өкініштісі, «Сарышығанақ» тұйығы тартылып кетті, болса да балық жоқ.

Не істеу керек? Амал жоқ, тіршілік үшін ауыл балықшылары үш мың ша­­қырым қашықтықтағы «Балқаш» көліне барып, 6-7 айлап жатып балық аулайтын. Одан елімізге тоқырау келіп жетті. Аралдық балықшыларға Балқаш көлінен балық аулауға тоқтам жасалды. Ауыл тұрғындары тұрмыс тауқыметін қайта тарта бастады. Төрт түлік мал да күрт азайды.

Ауылдастарымның теңіз-ананың ақ сүтін қайта емуіне, атакәсіп – ба­лық аулаудың мүрдем кетпеуіне сү­белі үлес қосқан даниялықтардың дар­хандығына айтар алғыстары шексіз. 1991 жылы даниялық дархан жігіт Курт Бертелсен Кристенсен аралдықтарды өз көзімен көру үшін ат басын бұрды. «Балықшыдан балық­шыға» жобасы өмірге келіп, бертін келе «Каттегаттан Арал теңізіне дейін» халықаралық дат-қазақ жобасы бастау алды. Бұл жобаның басты мақсаты – балық аулауды ұйымдастыру, теңізге мұнда бұрын-соңды болмаған камбала ба­лығын жіберу болды. Сол 1986 жыл­дан 2006-ға дейін, яғни он жыл бойы даниялықтар жіберген камбала ба­лығын пайдаландық.

1991 жылы еліміз Тәуелсіздік туын көтерді. Елбасының тікелей бас­­тамасымен Кіші Аралды қайта оралтатын «САРАТС» жобасы өмірге келіп, аралдық балықшылар қуаныш құшағына кенелді. «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші Арал жағаға жақындай бастады. Қайырлаған қайықтар теңіз төскейіне қайта шықты. Теңіз төс­кейінен ақ шағалалар шаңқылы қайта естіліп, сазан, тісті, шортан, ақбалық, тыран-торталар қайта тіріліп, ел несі­бесін молайта бастады. Аралда балық өңдеу зауыттары салынып, бүгінде балық өнімдері елімізге ғана емес, шет елдерге де жіберіліп жатыр.

Ал, біздің Мергенсай ауылдық округіне қарасты елді мекендерде балық аулаумен «Жамбыл» өндірістік кооперативі, «Аста» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Бақыт» ша­руа қожалығы айналысады. Тастү­бек елді мекенінде «Бақыт» шаруа қо­жалығы балық қабылдау, мұздат­қыш орталығын салды. «Аста» жа­уап­кершілігі шектеулі серіктестігі Жала­ңаш ауылынан балық қабылдау орта­лы­ғының іргесін көтеріп жатса, «Жамбыл» өндірістік кооперативі Ақ­шатау елді мекенінен балық өсі­ретін инкубациялық цех салып, жұмыс жа­сауда. Отызға тарта жеке кәсіпкер әртүрлі кәсіпті нәсіп еткен.

Cөз орайы келгенде 90 жылдық белеске жеткен ауылдың әлеуметтік жағдайына да сәл-пәл шегініс жаса­лық. Ауылдағы №58 орта мектеп аудан аумағындағы іргелі білім ор­даларының бірі саналады. Мектеп 1934 жылы есігін ашып, алғашқы мұғалімі Шайбасов Дөңес есімді азамат болған. 1937 жылы «Жалаңаш» орталау мектебі болса, 1975 жылы орта мектепке айналып, 1977 жылы өзінің алғашқы түлектерін ұшы­рады. Мектепті әр жылдары Әбдіғап­пар Пірмағанбетов, Асылбай Табанов, Дүйсенғали Қожасов, Дариға Зима­нова, Қожамұрат Ранов, Шәден Өтегенов, Құлекен Шаңқұлов, Сақтап­берген Саражов сынды ұлағатты ұстаздар басқарды. Бүгінгі мектеп директоры Әбдіхамит Имағанбетов есімді азамат. Айтқандай, осы ауыл­дан талай тектілерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаздар марқұм Әбдірейім Есендіков, Әнес Имағанбетов, Орын­бике Базарбаева, Аққали Әбілов, Мұқаш Талдиев, Жандәулет Кәрібаев, Алдариза Жолдасов, Қартбай Иман­баевтар мен бүгінде зейнет дема­лысында жүрген Н.Дәрібалаева, Қ.Қа­зы­мұратова, Ә.Әбіловтердің ардақты есімдерін атап кетпеске болмас.

Осы киелі шаңырақтан түлеп ұшып, еліміздің түкпір-түкпірінде қыз­мет етіп, шапағаттары көпке ти­ген азаматтар аз емес. Атап айтар болсақ, Арал аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болған қо­ғам қайраткері Қуатжан Досжанов, «Аралтұз» комбинатының ас тұзын елімізге ғана емес, кезіндегі Кеңес Одағы елдеріне жөнелтуде ерлікпен пара-пар еңбек еткен Сейітжан Дос­жанов – осы топырақтың тума­лары. Ал, ауыл азаматы Имат Сейітов еліміздің бірнеше облысында проку­рор болса, Әділбек Әйімбетов Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінде жауапты қызметті абыройлы атқарды. Сондай-ақ, кезінде облыстық тұтынушылар одағын бас­қарған Жәдігер Орақбаевқа, об­лыстық «Бакалейторг» мекемесінде, бертін келе облыстық мекемелерге басшылық еткен, Тасбөгет кенті әкімі болған Әбжәми Құтманбетовке, құ­рылыс саласының басшылығында болған Қилыбай Оқашевқа, Кәрібоз Боздақовқа ауылдастарының айтар алғыстары шексіз. Сондай-ақ, осы білім ордасынан тәлімді тәрбие, білікті білім алған Кариев Сабыр – педагогика ғылымының докторы, Халықаралық информатика академиясының акаде­мигі, Нұрдәулетова Бибайша фи­лология ғылымының кандидаты болса, Бозымов Темірхан – ауыл шаруа­шылығы ғылымының кандидаты. Айт­қандай, соңғы екі жылда екі бірдей мектеп түлегінің «Алтын белгі» иегері атануы да тектен-тек болмаса керек.

– Ауылымыз, – дейді әңгіме үс­тінде Мергенсай ауылдық округінің әкімі Марат Құтманбетов, жыл өткен сайын өсіп, өркен жайып келеді. 154 отбасында 840 адам тұрады. Олардың тұрмыс-тір­шілігін жақсарту мақсатында атқа­рыл­ған ауқымды істер етек жайып келеді.

1993 жылы ауылымызға «Арал-Сарбұлақ» топтық су желісі тар­ты­лып, әр тұрғын үйге таза ауызсу тегін жеткізіліп берілді. 2003-2005 жыл­дары Елбасы Жарлығымен «Ауыл жылдары» жарияланып, осыған орай жас мамандарға 10 тұрғын үй, асар әдісімен жаңа мектеп ғимараты, 2014 жылы 90 орындық типтік балабақша ғимараты салынды. Ал, 2015 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай майданнан оралмаған боздақтарға қойылған ескерткіш тақтасы жа­ңар­тылса, 2016 жылы «Бақыт» ша­руа қожалығы өз қаражатымен «Тас­тү­бек» елді мекеніне бастауыш мек­теп ғимаратын салып берді. 2017 жылы ауылдағы медициналық пункт ғимараты жаңадан салынып, пайда­лануға берілді.

Жақында туған топырағыма ат басын бұрғанмын. Ауыл іргесіндегі төбешікке шыққанда түтіні түзу шыққан ауылым менмұндалап тұрды. Теңіз табанына көзім түскенде көңіл, шіркін, қобалжып сала берген. Десе де, «Арал-анам келе жатыр ғой» деген сенім сабама қайта түсірген.

Әдеттегідей ауыл ақсақалдарымен аман-саулық сұрасып, ашық-жар­қын әңгімелесудің сәтін салды. Ауыл­дың абыз ақсақалы, кезінде «Көк теңізге қожадай, Зұлқарнаев Қо­жа­бай» деп аты өлеңге айналған байырғы балықшының бүгінде 90 жастың төрінен орын алып, немере-шөберелерінің қызығына кенеліп отырған жайы бар екен. Қауқары қайтпаған қайраткер дерсің. Әңгімесі қандай?!

– Айналайын, біз жасарымызды жасадық, асарымызды асадық, – деп әңгіме жібін сабақтады Қожекең, – Ауылымыз ажарланып келе жатса да, ұрпаққа аманатым бар. Айтар болсам, 2017 жылы басталған «Арал-Жалаңаш» бағытындағы автожол үш жылда салынып, пайдалануға бе­рілуге тиіс болатын. Өкінішке қарай, осы үш жылда 60 шақырым жолдың бар болғаны он шақырымы ғана тө­селіп, соңы аяқсыз қалып отыр. Содан да көктем, жаз айларында ауыл тұр­ғын­дары бітпеген жолдың азабын тартуда. Бұл – бір.

Екіншіден, ауыл тұрғындарының асыраушысы – төрт түлік мал. Бүгінде ауылымызда жеке қожалықтардың 4833 бас малы бар. Аяқсудың жоқ­тығынан бас-басымызға құдық қазып, төрт түлікті суғарып отырған жағ­дайымыз бар. Содан да мал суғаратын ұңғыма (скважина) аса қажет. Мына бізбен көрші қоныс тепкен «Тас­түбек» ауылы тұрғындары аяқсу емес, ауызсудың да азабын тартып отыр. Осы бір толғақты мәселелердің айты­лып жүргеніне ондаған жылдар өтсе де, қозғалыс жоқ.

– Менің де айтарым бар, – дейді зейнеткер, «Алтын алқа» иегері Балзира Тілеужанова. – Біздің ауыл­дың 900-ге тарта тұрғыны бар. Ауы­лымыз Арал қаласынан 60 шақырым қашықта қоныс тепкен. Содан да қалаға барып, дәрігерлерге қара­лу оңайға соғып отырған жоқ. Ауылы­мызда бір ғана дәрігер. Қалаға жет­кізер жедел жәрдем көлігі оң шешімін табар деген ойдамыз.

Біздің елді мекендегі оқушылар саны 200-ден астам. Аллаға шүкір, жылдан жылға ауыл тұрғындарының саны артып, бүлдіршіндер қатары көбейіп келеді. Асарлатып салынған мектептің бүгінгі жай-күйі ертеңгі күн­ге төтеп бере алмасы анық. Демек, заманауи талапқа сай жаңа типті мектеп қажет-ақ.

Тоқсан жылдық белеске көтеріл­ген ауылымның жоғарыдағы толғақ­ты мәселелері алдағы уақытта өз шешімін табарына мен бек се­німдімін. Туған жердің түтіні түзу шықсын, алтын бесігімнің келешегі кемелдене берсін.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

syrboyi.kz
18 ақпан 2021 ж. 752 0