Бөген мектебі ғасыр биігінде

Мерейтой аясында бүгін мектеп түлектерінің бастамасымен салынған жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Алаңның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев туған жерге тағзым етіп, өркендеуіне үлес қосқан мектеп түлектерінің бастамаларына ризашылығын білдіріп, елді мекен жастары арасындағы кіші футбол жарысын бастап берді.
100 жылдық тарихы бар білім ошағының мерейтойы «Ғасыр қанатындағы ғибрат ордасы» атты салтанатты шарамен жалғасты. Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев барша жиналған қауымды, мектеп түлектері мен ұстаздарды, оқушыларды білім ұясының бір ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар, мектеп ұжымына ҚР Білім және ғылым министрлігінің және Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамовтың құттықтау хатын, бірқатар мектеп ұстаздарына ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатын табыс етті.
Салтанатты шара барысында түлектердің алтын ұя мектептеріне жасаған тартуы - «Газель» автокөлігі мен теледидар табысталды. Одан соң мектеп түлектері сөз алып, өздерінің жүрек жарды лебіздерін жеткізді.
Салтанатты шарадан соң қонақтар мектеп ішіндегі көрмені аралап, тарихи - өлкетану мұражайымен танысты. «Бөген мектебі ғасыр биігінде» тақырыбында өткізілген тарихи-танымдық конференцияда аудан әкімі мен мектеп түлектері эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров, дәрігер-журналист Амангелді Суханберлиев, филолог-ғалым Манасбай Қожанов мектеп тарихы жайлы баяндама жасап, пайымды пікірлерін білдірді. Жиын барысында «Бөген мектебі ғасыр биігінде» деп аталатын тарихи-дерекнамалық кітабының тұсауы кесілді.
Киелі білім шаңырағының ғасырлық мерейтойы ақындар айтысымен қорытындыланды. Ақындар айтысында облысқа белгілі 8 ақын түсіп, нәтижесінде Биқожа Нұржігіт III орынды, Қайрат Құлекешов II орынды, Айдос Рахметов жүлделі I орынды иеленсе, Бексұлтан Орынбасаров бас жүлдені жеңіп алды.