АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ

Алдымен 1 сыныпқа қабылданған жарқын болашақтың кішкентай бүлдіршіндері жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын оқыды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, барлық оқушыларға, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге алдағы уақытта сапалы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына тілектестік білдірді.
Мерекелік шара барысында білім саласының ардагері Нұралы Оспанов мектеп тарихына тоқталып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Оқушылар асыға күткен алғашқы қоңырау соғылғаннан кейін аудан басшысы мен қонақтар ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп ішін аралап, қолөнер бұйымдары, мектеп жетістіктері мен тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалады.
Сондай-ақ, алғаш мектеп партасына отырған бүлдіршіндердің қадамдарына сәттілік тіледі.
Бүгін аудандағы 50 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 1-сыныпқа қабылданған 1900 оқушы мектеп табалдырығын аттады.