Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ КӨГІНДЕ, СЫҢҒЫРЛА КҮМІС ҚОҢЫРАУ

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ КӨГІНДЕ, СЫҢҒЫРЛА КҮМІС ҚОҢЫРАУ

Соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға. Бұл күні түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады.Иә, бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, ұл-қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы тұр. Алда қызықты да жауапты жолдар жатыр. 
Бұл салтанатты шара бүгін Арал ауданында да ерекше атап өтілуде. Кең көлемде ұйымдастырылған дәстүрлі шара биыл Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте ұйымдастырылып, салтанатқа аудан әкімі арнайы қатысты. 
Соңғы қоңырау шарасында сөз алған аудан басшысы М.Оразбаев ата-ана, ұстаздар қауымы мен оқушыларға ізгі лебізін білдіре келе, мектеп бітіруші түлектерге «Сіздер, қаладағы алғашқы іргетасы қаланған білім ордасының түлектерісіңдер. Бұл – зор мақтаныш және ол үлкен жауапкершілік. Өйткені, бұл киелі білім ошағынан еліміздің белгілі өр тұлғалары – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Құдайберген Сұлтанбаев, Якуда Халықұлов, Құдайберген Саржанов, Ұзақбай Қараманов, Атабай Қылышбаев, Елеу Көшербаев сынды тағы басқа көптеген халық ағарту ісінің үздіктері, түрлі ғылым саласының ғалымдары қанаттанып, ел үшін еңбек етті. Сендер де осы ел перзенттерінің ізін жалғап, биіктерден көрінетіндеріңе сенемін», - деп, түлектерге зор үміт артты.
Салтанатты шара аясында Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің осыдан 30 жыл бұрын бітірген түлектері де бас қосып, ұлағатты ұстаздарымен қауышты. 
Қалыптасқан дәстүр бойынша түлектер ұстаз, мектеп жайлы әндерді шырқап, жүрекжарды ыстық ықыластарын білдірді. Шара соңында түлектер вальс ырғағында ілесіп, соңғы мектеп биін биледі. Түлектер ұшырған ақ көгершіндер мен шарлар ерекше көңіл-күй сыйлады.
Осындай салтанатты шаралар ауданның барлық ауылдарында аудан әкімі орынбасарларының, қала әкімі және орынбасарлары, жергілікті атқарушы билік органдары өкілдерінің қатысуымен өтіп жатты.
Айта кетейік, биылғы жылы ауданымыз бойынша 830 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 454-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірді. Түлектердің 43-і «Алтын белгіге» үміткер, 17 оқушы – «Үздік аттестатқа» ұсынылып отыр. Ал, Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектеп биыл 48 түлекті алтын ұядан ұшырмақшы.
25 мамыр 2018 ж. 3 031 0