ОТАН ҚОРҒАУ – НАҒЫЗ ЕРДІҢ МІНДЕТІ

Иә, Отан қорғау – қасиетті ұғым. Осы ретте Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылды. Туған ел тағдырының ең бір шешуші кезеңінде Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей бастамасымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізі қаланып, еліміздің қауіпсіздігі нығайтылып, айбынды армияға айналуына жол ашылды. Осы орайда бүгін салтанатты шараға жиналған қауым Қазақстан Республикасы армиясының жауынгерлік қуаты, әскери қызметшілердің кәсіби жұмысы мен бөлімшелердің түрлі іс-қимылдағы жинақылығына республикалық телеарнаның тікелей эфирі арқылы куә болды.
Одан әрі аудан әкімі М.Оразбаев жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, әскери қызметкерлердің бір тобына Алғыс хаттарын табыстады. Мұнан соң, аудан өнерпаздары жырдан шашу шашып, жас ұландар:
«Қастерлі алашымның,
Қорғаймын бар асылын.
Намысын қолдан бермес,
Қазақтың баласымын» - деп ұрандатып, барша көрермендірдің патриоттық рухын бір сілкінтіп тастады.
Еліміз бойынша ерекше тойланатын Отан қорғаушылар күні мерекесін аралдық ағайын осылайша ойдағыдай, жоғары деңгейде атап өтті.