ТОРҚАЛЫ ТОҚСАН ЖЫЛДЫҢ ТОЛҒАУЫ БАР

Тарихы терең Арал индустриалды-техникалық колледжінің 90 жылдық мерейтойы кеше аудан көлемінде аталып өтті. Іргелі білім ордасының салтанатты шараларына аудан әкімі М.Оразбаев қатысты. Алдымен аудан әкімі бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері заман көшіне ілескен бүгінгі оқу ордасының тыныс-тіршілігі мен өткеніне қанықты. Атап айтқанда, өндірістік шеберханада тігінші мамандығын даярлау барысымен танысса, онан соң заман талабына сай сұранысқа ие байланыс саласы бойынша білім алып жатқан шәкірттермен жүздесті. Артынша, аталған білім ұясының бүгіні мен кешегісі қамтылған мұражайда болды. Онда «Кәсіптік көкжиегін кеңейткен білім ұясы» атты кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысып, лентасын қиды.
Колледж ұжымымен болған емен-жарқын жүздесуден соң, аудандық мәдениет үйінде «Болашаққа бағдар: нәтижеге бағытталған кәсіби білім» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция шымылдық түрді. Онда алдымен аудан әкімі М.Оразбаев сөз алып, білікті маман даярлауда бар күш-жігерін жұмсап, білім саласының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген колледж ұстаздарын мерейтойларымен құттықтап, жауапкершілігі мол ұстаздық жолдарына зор жетістіктер тіледі. Мұнан соң, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымова және Арал индустриалды-техникалық колледжінің директоры Н. Әбішевтер аталған білім ордасының бүгіні мен болашағын қамтитын баяндама жасады.
Іргелі білім ұясының 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келгендердің қарасы қалың. Солардың қатарында «Аралтұз» АҚ-ның вице-президенті Н.Әуесханов, колледж ардагерлері кеңесінің төрағасы С. Ибрашев және Қызылорда индустриалды-техникалық колледжінің директоры Т.Оразбековтер болды.
Конференция соңында аталған колледжде еселі еңбек етіп, маман даярлауда тер төгіп келе жатқан бір топ ұстаздар қауымы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасыменжәне облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттарды аудан әбасшысы М.Оразбаев табыстады. Ал, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын ұстаздар қауымына облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымова табыстады.
Осылайша, білім беру саласында табысты жылдарды бастан өткеріп, 90 жылды еңсерген іргелі қара шаңырақтың айтулы мерейтойына келген барша қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді.
А. Бисенов.