Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы шәкірттер шаттығы

Шалғайдағы шәкірттер шаттығы

Соңғы қоңырау салтанаты әрбір оқушы үшін үлкен мереке, қуанышты кеш. Бір жылғы білімін түйіндеп, тағы бір саты жоғарылау болшаққа жасаған қадамдары іспетті емес пе?
Иә, осындай ерекше күнді ерекше көңілде қарсы алғандардың бірі №77 орта мектептің шәкірттері. Себебі, шалғайдағы шағын ғана ауылда салтанаты келіскен жаңа мектеп бой көтерген болатын. Биылғы оқу жылын ескі мектепте бастаған шәкірттер жыл соңында жаңа ғимараттан түлеп шықты. Еңселі мектеп барша жанның еңсесін көтеріп тұрғандай әсерде қалдық.
Сондай-ақ, оқушылардың қуанышын бөлісуге арнайылап келген ел азаматтары, облыс, республикаға танымал ардагерлердің сапары да үлкен сый болды. Осынау алақандай ауылдан атпалдай азамат атанып шыққан Сансызбай Құттыбайұлы, Қуанышқали Шапшанов, Оразбай Қосанов пен қатар ақын, жазушы Серік Байхонов пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тәңірберген Дәрменов Құланды топырағына табан тіреп, соңғы қоңырау салтанатында өз тілектерін білдіріп, шәкірттерге сый жасады.
Білімді ұрпақ қалыптастыру, өсіру, жаңашылдыққа бейім жас буын өкілдерін тәрбиелеу мемлекет алдындағы міндет. Білімнің салтанат құрған алтын дәуірінде біз де көштен қалмауымыз керек. Ол үшін ауылдық жердегі білім беру дәрежесі де жоғары болуы қажет. Осыныестен шығармаған бұл мектептен жыл соңында 20 үздік оқушы шықты. Бұл оқушылардың білім көкжиегінде кеңінен қанат қағып, білімге деген ұмтылысы артуына, қызыға оқуына қамқоршы ағаларының қолдауы қанат бітірсе керек.
Иә, еңбектің еленгені кім кімді болмасын қанаттандырары сөзсіз. Салтанатты шараға сыйымен келген қонақтар оқушыларға, мұғалімдерге табыс тілей отырып, білімнің түп қазығы, қайнар көзі болып саналатын кітаптар тарту етті.
Сондай-ақ, осы ауылдың топырағынан шығып, туын тіктеген Сансызбай Құттыбайұлы оқу үздігі атанған К.Қазтуғанова, А.Серікова, А.Серкебаев, Ф.Ақбаева, Г.Алпысбаеваларға ақшалай сыйақы табыс етті.
Салтанатты шарада мектептің өнерпаз оқушылары әуелете ән шырқап, кештің сәнін келтіре түсті. Сыңғырлай соққан қоңырау үні қыркүйекке дейін мектеппен қош айтысты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
29 мамыр 2018 ж. 1 535 0