Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық сайыс өтті

Аудандық сайыс өтті

Жұма күні аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімі және білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен «Креативті көшбасшы–2018» командалық кәсіби сайысының ІІІ кезеңі өтті.
Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының туған жердің тарихын, рухани құндылығын дәріптеу мен жаңғырту мақсатындағы басымдықтары мен тың бағыттарын білім беру ұйымдарында жүзеге асыруға арналған бұл сайыстың кезеңі №260 орта мектепте өткізілген болатын. Онда мектеп басшылары мен орынбасарларының басқару қызметіндегі сапалық және құзыреттілік деңгейі анықталды. Яғни, мұнда мектептің оқу мен тәрбие үдерісін басқару мен бақылау, әдістемелік көмек беру қызметін үйлестіретін педагог қызметкерлердің республикалық, облыстық, аудандық шараларға қатысу деңгейі талданды. Сондай-ақ, басқару қызметінде педагогикалық әдеп нормаларын ұстану басымдығы және перспективалық жоспарды құру барысында үдеріске сыртқы ортаның әсерін талдай білу деңгейі сараланды. Қатысушылар бірінші айналымда «Талаптан ілтипатқа қадам басу» тақырыбындағы педагогикалық әдеп нормалары туралы ой-тұжырымдарымен ерекшеленсе, келесі айналым PEST-талдауда оқу-тәрбие ісін басқаруда сыртқы ортаның ықпалы жайында айтылды.
Атап айтар болсақ, мұндағы P-саяси, E-экономикалық, S-әлеуметтік, T-технологиялық факторлар шеңберінде ұстаздар өз пікірлерін ортаға салды. Жаңашыл білім ұясы екенін дәлелдеген  сайыстың қорытынды кезеңіне аудандағы  №13,14, 62, 64, 71, 83, 220, 260, 262, 19, 21, 82, 177, 231 мектеп ұжымдары жолдама алды.
Міне,  «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясында ұйымдастырылған дода өз мәресіне жетті. Игілікті шараның соңғы айналымын ашқан «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов:
–Қазақ халқы «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Туған жерін жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Себебі, адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Сондықтан, туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Осы патриоттық сезімді ұстаздар арасында өткен сайыстың екі кезеңінен де толықтай көре алдық. Мамандардың барлығы дерлік «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының негізінде  «Өлкетану», «Отаным – тағдырым» және «Саналы азамат» базалық жобаларымен жұмыстар жасап жатқанын дәлелдеп шықты. Баланы оқыту мен тәрбиелеу ісінде озық жүрген ұстаздар қауымына сәттілік тілеймін,–деді.
Одан әрі жалғасын тапқан кәсіби сайыс ережесі бойынша 1-кезең өнер жанрына байланысты жеке тұрғыдағы ән орындауға берілсе, 2-кезең ұжымдық тұрғыдағы орындаушыларға берілді. 14 команданың барлығы дерлік өнерге жақын жандар екенін көрсетті. Мәселен, №13 орта мектептің әлеуметтік педагогы Бейбіткүл Қалыбекова «Арман» әнін құйқылжыта орындаса,  №14 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Гүлдана Жұмағұлованың Ш.Айтматовтың шығармасынан алынған   «Найман ана» сахналық қойылымы сахна төрінен керемет көрініс тапты.  Сонымен қатар, №64 орта мектептің директоры Аманкелді Бөлекбаев «Аралым» әнін, №71 орта мектептің директоры Әліби Әбілбаев Адриано Челентаноның лирикалық әні «Конфессоны, №262 мектеп-гимназияның директоры Бекболат Сәдуақасов «Ұстазымның ізімен» әуендерін нақышына келтіріп орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал, №260 орта мектептің директоры Айтуған Сауяев  ақын Серік Сейітманның  «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» атты өлеңін көркемдеп оқығанда, жиналған қауым ерекше сезімге бөлініп, рухани серпіліс алды. Өзге де өнерпаз мұғалімдер ерекше қабілеттерімен көзге түсті.
Иә, қорытынды сайыста бас жүлдені №262 мектеп-гимназиясы қанжығасына байлады. Ал, бірінші  орынды №14 мектеп-лицей жеңіп алса, екінші орынға   №260, №71 мектептері жайғасты. Үшінші орын №220, №21мектептеріне бұйырды. Жеңіс тұғырынан көрінген білім ордаларына бағалы сыйлықтарды аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова табыс етті. Қалған 8 мектептің қатысушы командаларына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.
Света Үсенқұлова.
27 сәуір 2018 ж. 1 420 0