АРАЛДА КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Мәселен, ағымдағы жылдың 16 наурызында өткізілген аудандық Қоғамдық кеңестің отырысында бірқатар мәселелер қаралып, тиісті сала мамандарына арнайы хаттамалық тапсырмалар берілген болатын. Осы орайда, күні кеше Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңесінің ағымдағы жылдың 6 сәуіріндегі ұйғарымына сәйкес өткен көшпелі қоғамдық қабылдауынан бұрын аталған тапсырмалардың орындалуы жөнінде аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Ә.Үмбеталиев, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова және Арал қаласы әкімінің орынбасары П.Берсүгіровтер хабарлама жасады.
Нақтырақ айтқанда баяндамашылар аудандық жергілікті полиция қызметімен қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, қазіргі аудан көлеміндегі балабақшалардың жай-күйі мен жалғызбасты қарттар мен мүгедек балаларға үйден әлеуметтік қызмет көрсету саласы бойынша атқарылған жұмыстар турасында сөз сабақтады.
Одан әрі Қоғамдық кеңестің мүшелері қабылдауға келген аудан азаматтарының өтініштері мен ұсыныстарына құлақ түрді. Қоғамдық кеңес мүшелеріне үміт артқан тұрғындар қабылдау барысында: жер алу, медицина саласындағы түйіткілдер, соның ішінде жедел-жәрдем қызметіндегі кейбір жетіспеушіліктер жайы, ауданның сағат белдеуі сынды бірқатар мәселелерді атап өтті. Өз кезегінде облыстық және аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері әрбір өтінішті зерделеп, шешу жолдарын қарастыратындықтарын жеткізді.