Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ

ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫН ТОЛҒАҒАН ТУЫНДЫ

Әбдіжәміл Нұрпейісов - ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып, асқар биігіне шыққан Қазақстанның Халық жазушысы. Осы орайда, бүгін аудан әкімдігі мен аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында «Теңіз тағдырын толғаған туынды» тақырыбында «Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз романы бойынша дебат өткізілді.
Басты мақсат – Қазақстанның халық жазушысы, әлем оқырманына танымал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын талдау арқылы бәсекелік қабілет пен сананың ашықтығын дамыту, ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, әлемдік мәдениет көшіне ілесу әрі ең бастысы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету.
Арнайы заңғар жазушының туған топырағы Арал ауданында өткен шараның ашылу салтанатында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов «Бүгін мінекей, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жазушы шығармашылығына терең үңіліп, «Соңғы парыз» романын талдау арқылы қазақ халқының рухани бай дүниесін паш ету көзделіп отыр. 
Ендеше, ойы орамды, тілі жүйрік, сөз мәйегінің сенмсерін сілтеп, қарымды қаламгер-жазушының шығармашылығын талдауға келген барша дебат қатысушыларына сәттілік, шалқар шабыт тілеймін!»- деп, ізгі ниетін білдірді.
Облыстық сайысқа Қызылорда, Арал, Қазалы, Шиелі, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының ұстаздарынан құралған жеті топ қатысты. Сайыстың әділ-қазылар құрамында: аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Ә.Әбдіқалықова, «Рухани қазына» бөлімінің басшысы С.Қосанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Қ.Есемсейітова және Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты А.Айтбаева мен «Өрлеу» БАҰО АҚ Қызылорда облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, халықаралық тренер М.Омаровалар болды. 
Дебат барысында әр топ шығарма желісіндегі оқиғалар легін «жақтаушы» және «даттаушы» негізінде қарастырып, романдағы көріністерді жік-жігімен талдап, ой орамдарын ортаға салды. Дебат барысында әр ұстаз өн бойындағы дара қасиеттері мен білімі арқылы оқушылардың белсенді азаматтық болмысын, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыра алатын деңгейде екендіктерін дәлелдеп шықты.
Осылайша жалпы төрт сағатты қамтыған сайыс қорытындысына сәйкес I-орын Шиелі ауданының тобына бұйырса, II-орынды – қасиет тұнған Арал ауданының тобы иемденді. Ал, Қазалы ауданының қатысушылары III-орыннан көрінді. Бұған қоса, сайысқа белсене қатысқан мұғалімдерге түрлі марапаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

22 сәуір 2018 ж. 1 583 0