Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық рухтың негізі

Ұлттық рухтың негізі

Ана тіліміз-бізді өмірге әкелген ардақты анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңіп, бесік жырымен жүрегімізге енген ең басты құндылығымыз. Сондықтан, «Ана тілі» деп дәріптеп, құрметтейміз.
Біз Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны Конституциямыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл–қазақ тілі» деп бекем түрде бекіттік. Тіліміз төрге шығып, заңдық негізге ие болды.
Халық жазушысы Ғ.Мүсіреповтің: «Ана тілі дегеніміз-сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәселесі. Кеше болмағанның бүгін  бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз» деген сөзінде терең мән жатыр. Бұл-әрбір қазақ баласының есінде сақтар тәлім.
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы–қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс» деп, атап көрсеткен еді. Сол секілді, 1991-2017 жылдардағы басты нәтижелеріміз белгіленген 33 нәтиженің 3-тармағында «Мемлекет құрушы ұлтқа қатысты тарихи әділеттілік қалпына келтірілді–қазақ тілі мемлекеттік тіл болды, қазақ мектептерінің саны қарқынды өсуде, қазақтар ел халқының көпшілігіне айналды, олардың үлес салмағы 60 пайыздан асты» деп жазылған. Егемендік алған жылдардың басында мектептердің 30 пайызы ғана қазақ тілінде болса, қазіргі күні қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 70 пайыздан асқан. Ал, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттар қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеуде.
Қазіргі уақытта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемнің философия, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, тіл білімі, экономика, менеджмент пен кәсіпкерлік салаларының ең үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылып жатыр.    
Тіл мерейі үшін атқарылып жатқан бұл істер Қазақстанның болашағы -қазақ тілінде екендігін танытады.

Нұргүл Боқаева,
аудандық ішкі істер бөлімінің екінші арнайы тобының инспекторы, полиция капитаны.        
09 қаңтар 2018 ж. 2 203 0