Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықтарымыз сақталуы тиіс

Ұлттық құндылықтарымыз сақталуы тиіс

Рухани жаңғыру дегеніміз-қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Яғни, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді ұмытпай, әлемдік деңгейге бағыт беретін жол. Сол үшін де әрбір адамның өзіндік ой-пікірі қалыптасқан болуы маңызды. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс » деген болатын. Бұл салиқалы ой мен мағынасы терең сөздерінің астында үлкен мән-мағына жатыр. Оны рухы биік әрбіз азамат түсінеді. Себебі, жаңғыру ұғымының  өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. 
         Әрине, салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ. Кез-келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері біріктіреді. Осы рухани құндылықтарымыз берік болып, ата-бабамыздың мыңдаған жылдар бойы ұстанған әдет-ғұрпына құрмет танытар болсақ, жас ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпесі анық.
         Дегенмен жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде сан ғасырлық өмір тәжірибесімен сұрыпталып, сараланып, сана сүзгісінен екшеліп өткен, халықтық қасиетімізді, ар-ұятымызды, адамгершілік түсінігімізді, бауырластығымызды, өзара сыйластыққа негізделген ыстық сезімімізді, намыс пен елдігімізді, шын мәнісінде шыңдап келген, әдет-ғұрыпты жоғалтып алдық. Соңында, халықтың әдет-ғұрыптарының ұмытыла бастауы  ұлттық тілдің, ұлттық киімнің, ұлттық  тамақтанудың жоғалуына әкеліп соқты. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қитұрқы мәтелді ұстанған біршама адамдаржоралғыларымызды мүлдем қолданыстан шығарып та тастады.  Ал, салт-дәстүріміз  арқылы халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, ұстанған дінін, әлеуметтік жағдайын, мемлекеттік құрылымын  жандандыра алатындығымыз туралы мүлде ойланбадық. Сайып келгенде, әрбір халықтың өзгеше сипаты, қадір-қасиеті, психологиялық түсінік-нанымы мен  көзқарасы ұстанған әдеп-ғұрыпы негізінде анықталады.
         Құдайға шүкір бүгінде Тәуелсіз ел атанып, өзге елдермен тереземіз теңесті. Өткенге құрмет танытып, ата-бабамыздың салған сара жолын үлгі тұта бастадық. Нәтижесінде «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» дегендей, осы уақытта салт-дәстүріміз, салт-жоралғыларымыз бен ырым-тиымдарымыз өмірімізге енді.
         Осы орайда  қазақтарға тән асыл қасиеттердің бірі ол-бауырмалдық, ақжарқындық, қонақжайлық. Әрине, бұл ерекшеліктер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ бұл қасиеттер әр халықта әр қырынан көрініс береді, сонымен қатар әр ұлт өкілдерінің салт-дәстүріндегі мән-мағынасы мен тәлім-тәрбиесі бір-біріне ұқсап, бірін-бірі толықтыра түседі. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осы қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты ұрақтан-ұрпаққа беріле ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады.
         Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай, жаңадан еніп те жатыр. Салт-дәстүрлердің ұрпақ тәрбиесіндегі мәні зор. Ол ежелден бала тәрбиесіне, тұрмыс-салт және әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерлерге байланысты үш түрге бөлінген. Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға: баланың дүниеге келген күнінен бері жүргізілетін тәлім-тәрбиелерінен бастап, есейіп азамат болып кеткенге дейінгі кезеңі кіреді. Мәселен,шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке бөлеу, қырқынан шығару, тілін дамыту, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндет той, тіл ашар, ұл бала мен қыз баланы жанұя болуға, шаруашылыққа, еңбекке, өмірге бейімдеу. Тұрмыс-салт дәстүріне қазақтың киіз үйі, жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдары жатады. Мал бағу, егіншілік, аңшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері халқымыздың дәстүріне сай жүргізіледі. Ұлтымыздың ұлттық сөз өнері, аспаптары, мерекелері, қонақ күту дәстүрі өзге елдерден біздің биік тұрғанымызды көрсетеді. Оның бір дәлелі, баспанасы киіз үй болған уақытта қазақтардың  оның ішіндегі түрлі тұрмыста қолданылатын заттарын, бұйымдарын, киім-кешектерін шебер жасай білгендігі.  Тағы бір айта кетерлік жайт, қазақ халқы дәстүрліқолөнер түрлеріне өте бай ел. Олар ықылым заманнан бері салт-дәстүрі мықты елдің әрдайым тұғыры биік болатынын білген. Сол үшінде өз ұрпақтарына  қолөнер түрлерін үйретіп отырған. Яғни,  мыңдаған жылдар бойы уақыт елегінен өтіп келе жатқан мәдени мұрамыздың ең құнды қазынасының бірі- ұлттық қолөнерімізбен мақтана аламыз. Ертеректе көшпелі  өмірге  бейімделіп,мал бағумен  айналысқан  ата-бабамыздың қолөнердегі  шикізаты  жүн  болған және  ши  тоқып, бұйымына жаратқан. Бұл ретте қолөнерімізді  одан әрі дамытып, жас  ұрпаққа  ұлттық  тәлім-тәрбие  берудің  маңызы  зор. Олай дейтініміз, бүгінгі  қолөнердің  халық  қажетін  өтейтін  тамаша  үлгілері  көп-ақ. Осындай  мәдени  мұраны көне  деп  қарамай, оны  байырғы байлығымыз  деп  бағалап, халқымыздың  тұрмысына,қажетіне  тиімді  пайдаланып, сол  жолда  оқушыларды  эстетикалық  жағынан  тәрбиелеу баршаның міндеті. Қолөнер мен машықтанған баланың  ақыл-ойы асқарға, қиялы қияға қанат қағып, дами түседі. Бұл туралы әрбір шаңырақтағы ата-ана, мектептегі ұстаз бен үлкен ата-әжелеріміз халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, құрастыру, сызу, бейнелеу секілді қолөнер түрлерін жастарға ұдайы айтып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Аталмыш өнер түрінің өзіндік тарихы тереңнен сыр шертетіні бір бөлек, күнделікті тұрмыста қолданып жүрсек өзімізге тиімді тұстары жетерлік. Ысырапшылдыққа жол бермей, әрі жас буынды үнемділікке  тәрбиелейді. Бір ғана мысал құрақ құраудың өзі мата қалдықтарын үнемдеп тігіп, пайдаға асырудың үлгісін көрсетеді.
         Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Ол арқылы халқымыздың терең дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың.
         Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар.         Бүгінгі күні Тәуелсіздігімізді алып, мемлекет атанып отырған шақта бүгінгі жас ұрпақ ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді заман талабына сай қолданып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, жеткізе білсе рухани жаңғыру жағынан кемелдене түсеміз және өз еліміздің патриоты боламыз.
Света Үсенқұлова.
20 желтоқсан 2017 ж. 5 628 0