Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ең басты құндылығымыз

Ең басты құндылығымыз

Ғасырлар керуеніне ілескен Ұлы Дала елінің ұрпақтары небір қилы заман, қиын кезеңдерді басынан өткеріп, Тәуелсіздіктің  26 жылдық мерекесіне таяп қалды. Тәуелсіздік-қазақ халқы үшін жай айтыла салған сөз емес, бұл қазақ халқының тарихи болмысындағы аңсаған арманы. Тәуелсіздік-барша халқымыздың күрес пен еңбек, ілім-білім мен өнерінің шабытына қамшы басқан үміт десек болады. Бұған азаттық жолында жан аямай күрескен ата-бабаларымыздың, Алаш арыстары мен ұлт перзенттерінің ерлік жолдары айқын дәлел бола алады.Бүгінде түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы өзінің асқақ рухының, еркіндік сүйгіштік жігерінің арқасындабағзы заманнан бері іргелі елдігін, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны рас.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет-Тәуелсіз Қазақстан келді.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты.  Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 26 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр.Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азия аумағындашешуші рөл атқаратын мемлекет.
Бүгінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша, ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау сынды жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы-ұлттық өрлеудің ұлы күшіне айналған Тәуелсіздігіміздің арқасы екені даусыз.
Ендеше, Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!
Әнуар Баймаханов,
Батыс аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері.
20 желтоқсан 2017 ж. 2 225 0