Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухы асқақ тәуелсіз елміз

Рухы асқақ тәуелсіз елміз

Тәуелсіздік. Осы бір сөздің астарына үңілсек, үлкен ұғым жатыр емес пе?! Бұл сөз арқылы кешегіміз бен бүгінімізді салыстырып, қазіргі күнімізге тәубе дейміз. Бұндай бақ кез келген елдің маңдайына жазыла бермесі де ақиқат. Мәселен, халық саны бізден әлдеқайда көп күрдтерден шоқтығымыз биік. Сағын сындырмас шешендердің қасында әлдеқайда абыройлымыз. Себебі, өз күшіміз бен өзіндік ой-пікіріміз өзгеге ой саларлықтай бай да бақуатты елміз. Кешегі тоқыраудың уақытында бесікте жатқан қазақ баласы бүгінде бейбіт елдің ұрпағы екенін зор мақтанышпен айта алады. Ат үстінде түн қатып жүріп, ұлы даланы қорғаған бабалар арманын ақиқатқа айналдырғанымызға биыл 26 жыл. Неткен бақыт! Біздің тарих алдында, ата-баба алдын да еңсеміз тік, жүзіміз жарқын болса, ол осы тәуелсіздіктің арқасы. Оны алудан бұрын, тұғырын шайқалтпай ұстап тұруда да біздер бірлік танытып келеміз. Осы тәуелсіздікте ғұмыр кешкен 26 жыл ішінде, Қазақстан үлкен өзгерістерге ұшырады, қилы кезеңмен бетпе-бет келді. Орыс отаршылдығы кезінде бәз-баяғы қалпында қалған қа- ла лар керемет көріністердің ошағына айналды. Еліміздегі әрбір қала туған азаматы үшін мақтанып айта аларлықтай қарқынға жетті. Міне, осының бәрі біздің жаһандық үдеріске ілесіп, жаңашыл жобаларға жаңа көз қараспен қарай білуіміздің арқасы. Иә, дүниенің астаң-кестеңі шығып, кейбір ел азаматтары үшін жан бағу басты уайым болған қазіргі заманда болсақ та, бейбіт еліміздің арқасында бақытты буын тәрбиелеудеміз. Бір кездері бабалар табаны тимеген жерге бүгінгі білімді ұрпақтың қаламының ұшы тиіп жатыр. Нәтижесінде, елімізді әлем танып, қазақ деген ұлттың бес ғасырдан астам тарихы барын өзгелер мойындауда. Өзімізге берілген мүмкіндіктердің арқасында қазақтың мәдениеті мен дәстүрін танытып келеміз. Міне, оған ЭКСПО халықаралық көрмесі айқын жол ашты. Осылайша, біз өзгелер құрмет тұтатын қадамдарға бару арқылы еліміздің абыройын асқақтатудамыз. Бұл да біз үшін үлкен бақыт!

Базан МҰРАТҚЫЗЫ,
№2 облыстық арнайы санаториялық
мектеп- интернатының мұғалімі
19 желтоқсан 2017 ж. 2 346 0