Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиінің болашағы зор

Латын әліпбиінің болашағы зор

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қазақ елінің бүгінін сараптап, ертеңгі бағытын айқындаған бағдарламалық құжат. Осы бағдарламалық мақала аясында қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр. Қазіргі уақытта жаңа әліпбиге көшудің қажеттілігі күмән тудырмайды. Шынында да, әліпби ауыстыруды тіліміздің өзі талап етіп отыр. Себебі, қазір өзге тілден кірген сөздердің саны көбейіп, кірме дыбыстар төл сөздеріміздің талаптарын бұзуда.
Тарихқа көз жүгіртсек, біз үш әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідей газет-журнал, компьютер, жаңа технология болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті айшылық алыс жерлерге атпен  барып, сауатын ашып жүргендер де болды. Ал, бүгінде оның барлығы артта қалды, бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Бір қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Сондықтан, латын әліпбиіне көшуден қорқуға еш негіз жоқ. Латын жазуы сан ғасырлық сыннан өтіп болды.
Қазір әлемдегі халықтардың 80 пайызы латын жазуын игеріп, оны пайдаланып отыр. Әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылады. Тағы бір ерекшелігі, латын әліпбиі жер-жаһанға кең тараған, соның арқасында жастар ғаламтор арқылы мол ақпарат алып, білім мен ғылым саласындағы кеңістікке еркін ене алады.
Латын әліпбиі-әлемдегі ең танымал жазулардың бірі. Сондықтан, оның болашағы зор. Сол себепті, Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз  қажет. Келер ұрпаққа қазақ тілінің қадірін жоғалтпай, таза жеткізу-бүгінгі ұрпақтың, әсіресе тіл саласында жүрген біздің басты міндетіміз.      
Күнбол Бекетов,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы.
21 желтоқсан 2017 ж. 2 474 0