СҰРАҒАН ЕДІҢ БІР ТУҒАН...

Көпке мәлім, бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елімізде көптеген рухани шаралар ұйымдастырылуда.Осы орайда, күні кеше, Арал ауданының перзенті Сұраған Мырзаевтың 60 жылдығына орай Шижаға елді мекенінде ауданаралық термешілер сайысы өткен болатын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, 16 желтоқсан-Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Сұраған едің бір туған...» атты аудандық жыршы-термешілер байқауына барлығы 10 жыршы-термешілер қатысып, өзара бақ сынасты.
Аталған ауқымды шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев, Сұраған Мырзаевтың туған інісі Бауыржан Мырзаевтар арнайы қатысып, ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары, марқұм Сұрағанның өмір жолына аз-кем тоқталды. Сосын, шымылдық түріп жатқан аталмыш байқауға қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Мұнан соң, жыраудың үзеңгілес досы О.Нұрмаханов досының өмірінен ескі болса да естелік сыр шертті.
Байқау қорытындысына бас жүлдені шижағалық Н. Бершімбаев қанжығаға байлады. І орын Ескіұрадан келген А. Қойбағаровқа бұйырса, ІІ орын А.Сүйеуова мен Р.Рысбекұлына берілді. Ал, жүлделі ІІІ орын Д.Шораев, Қ. Ешмағанбетов және «Жақсан жырау» атындағы жыр-терме үйірмесінің жетекшісі А.Жоламановққа бұйырды. Байқауға қатысқан өзге жыршылыр да жүлдеден құр қалмады.
Айта кетейік, С.Мырзаев 1957 жылдың 17 қаңтарында Аралқұм елді мекенінде дүниеге келген. Қаладағы №15 мектептің түлегі. 1980 жылдары «Арал» совхозында клуб меңгерушісі болып жұмыс істеді. Жетісай мәдени ағарту училищесін бітірген ол, Қазанғап ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі болды. Қысқа ғұмырында қос ішекті домбыраны өзіне серік еткен жырау бірнеше мәрте облыстық, республикалық жыршы-термешілер байқауына қатысып, жүлдегер атанған. Кейінгі жылдары Шижаға өнер мектебінде терме класынан дәріс беріп, өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеумен айналысқан С. Мырзаев, небәрі 36 жасында дүние салды.