Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаһандық үдеріске жарқын қадам

Жаһандық үдеріске жарқын қадам

Көш түзген керуен секілді әлем де жаһандану үдерісіне жаппай бет бұруда. Күн санап дамып жатқан алпауыт мемлекеттердің қалың көшінен біз де қалыспауымыз керек екені белігілі. Бұл-Елбасы тарапынан да, өзге елдер тарапынан да қолға алынған басты мақсат, бағдарлы меже. Сол межеге жету жолында елімізде көптеген стратегиялық жоспарлар жасалып, оны жүзге асыру жұмыстары жан-жақты қолға алынып жатқаны көпке аян.
Иә, әлем таңдаған өркениет көшіне ілесу оңай емес. Ол үшін біз көптеген теріс пиғылдардан арылып, санамызға рухани сілкініс жасауымыз керек. Көптеген мемлекет қай жолды таңдады, сол жолға қарай көш түзеу қажет. Бізде қоғамдық сана деген бар. Сол баяғы ескі көзқарас есімізден кетпейді. Жаһандану десе, үрпие қарайтынымыз тағы бар. Біз сол жаһандануға ілессек, ағайын-туыстан алыстап, дәстүріміз бен дінімізден, тіліміз бен ділімізден ажырап қалатындаймыз. Алайда, ұлт барда бұл айтып отырған құнды дүниелер ешқашан жадымыздан өшпек емес. Мәселен, тілімізге қатысты «Үш тілде білім беру» бағдарламасын алайық. Қазіргі таңда қолға алынып жатқан сол үштілділіктен біздің ұтарымыз көп болмаса, ұтылмасымыз анық. Өйткені, қазақ тілі-ана тілі мәртебесін алған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Ал, орыс тілі-ресми тіл болса, ағылшын тілі-халықаралық байланыс орнатушы тіл ретінде қолданылады. Демек, біз үш тілді қатар меңгеру арқылы жаһандық бәсекеге қабілетті бола аламыз. Бұл жөнінде Елбасымыздың өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында:
...Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды. Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері-неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл-бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты,-деген болатын.
Ендеше, таңдаған жолдың дұрыстығына көз жеткізіп, болашаққа жасалған бағдарды баянды ету жолына «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Сонда барып, өзгелер көздеген өркениеттің көшінен біз де көрінетін боламыз.
Ж. Молжігітов,
зейнеткер.
21 желтоқсан 2017 ж. 2 367 0