Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биік белестерге бетбұрыс

Биік белестерге бетбұрыс

...Төбеде тұрған құм сағат үстіміздегі  жылды да тәмамдауға таяу. Тауықты табыспен түйіндеген еліміз  ит жылында да биік белестерге бетбұрыс жасауды жоспарлап қойған. Сонымен, биылғы мақтануға тұрарлық оқиғалар көптің көз алдында өрбіді. Барша отандастарының мақсатын айқындап, бағытын нақтылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда қызу қолдау тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кезекті рет дамудың даңғыл жолын меңзеді. Меңзеп қана қойған жоқ, әлемдегі ең үздік 30 елдің қатарынан көріну үшін қазақ ұлты кеше мен бүгінді таразылап, санаға сілкініс жасауы қажеттігін кеңінен баяндады.
         Хош делік... Төрткүл дүние көз тіккен халықаралық ЭКСПО көрмесінде талайға таңдай қаққызды. Тұлпардың тұяғы, қыранның қанаты талатын Ұлы даланы жаһанға танытқан аталмыш көрмені көруге келген Президенттер мен қонақтар Қазақстанның келешегі кемел екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Келер жылы іргесі қаланғанына 20 жыл толатын Арқа төсіндегі әсем шаһар Астананың жасампаз келбетіне қызыға да, қызғана да қарады. Әсіресе, бар әлемге нұр шуағын шашқан «Нұр әлем» павильонынан қазаққа тән мәрттікті, кеңдікті ұқты.
         Тыныштықты ту еткен мемлекетіміз Таяу Шығыста тұтанған соғыс өртін ауыздықтауға да ұйытқы боп, мүдделі топтардың ымыра жасап, бітімге келуіне күш салды. Бастысы, сең сетінеді. Жат діндердің жетегінде адасқандар ойланды, толғанды. Әдепкі легі райынан қайтты. Адамзат қамын күйттеген Ұлт Көшбасшысының бейбітшілікке үндеген бастамалары көпке ой салды.
         Күріштен тау тұрғызған, сар даласына құт қонған, «Алаштың анасы» Сыр өңірінде де толымды істер көрініс тапты. Құлан түзде қала тұрғызған Мемлекет басшысының қайталанбас еңбегін үлгі еткен аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыстың бас қаласын да тамаша кейіпке енгізді. Дарияның сол жағалауында еңселі ғимараттар жарыса бой көтеріп, алды қалың бұқараның игілігіне жарады. Осы ретте, Нұрсұлтан Әбішұлының «...Тәуелсіздіктің жемісін бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Заман ағымымен өркениет желкенін керген өңірімізде барлық саланың көкжиегі кеңейіп, әлеуметтің әлеуеті артты.
         Іргелі кәсіпорындардың жұмысы ерекше қарқынмен жанданып, облыс әкімінің 2017 жылғы іс-қимыл жоспары кезең-кезеңімен  жүзеге асты. Тұрғын үй құрылысы көлемі бойынша Қызылорда Астана, Алматы секілді ірі мегаполистердің қатарына еніп, көптеген жекелеген тұрғындар  да өз күштерімен үй тұрғызып, баспаналы болу бақытына иелік етті. Экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім қалыптасты. Ұсақ шаруашылықтардың қатары көбейіп, экспорттық өнімдер ұлғайды. Бастысы-облыстық бюджеттің 220 млрд-қа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда еселенді.
«Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын». Бұл Президенттің осыдан 12 жыл бұрын қасиетті топыраққа қадамы тиіп, аралдықтар игілігіне ауыз су жүйесін қосқан сәттегі тебірене айтқан сөзі-тұғын. Елім деп еміренген тұлғаның осынау пайымы ауыздан-ауызға тарап, көптің жүрек кестесінде тоқылып қалғалы қашан.
Аралдың баяғы бейнесін қазір те өткен шақпен елестетесің. Бәрі өзгерген, құрдымға кеткен шағында талай кең маңдай маңғаздар күдер үзе бастаған теңіз-анамыз тумысы бөлек саясаткердің тікелей араласуымен қайтадан арнасына толды. Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы жемісін беріп, сорға қонған ақ қанат шағалалар айдынына қонды. Атадан балаға мирас болған балық шаруашылығы өркендеп, «ғасыр жобасы» деп танылған Көкарал бөгеті санаулы кереметтердің қатарына қосылды. Өңірге алыс-жақын шетелдерден ат басын бұрушылар көбейіп, журналист біткен жағалаудағы ілкімді тірлікті тақырыптарына арқау қылып, жарыса жазды.
Ажары күн санап айшықталған Аралда облыс әкімінің қолдауымен «Арал ауданыныңэкономикасын дамытудың  2017-2019 жылдарға  арналған  Жолкартасы» жүйелі түрде жасалды. Соның негізінде ауданымыз үлкен құрылыс алаңына айналып, бір замандардағы жатағандау білім ұялары бірінен соң бірі заманауи үлгіде бой көтерді. Автомобиль жолдары асфальтталып, кезек күттірмейтін нысандар салу мәселесінің күрмеуі шешілді. Төңіректі сәулелендірген жарық бағандары сап түзеп, сәнімізге сән қосты. 
Иә, тізе берсек 26 жылдағы жетістіктеріміз табыспен өрілгенін ұғамыз. Көңілдерге қанат бітірген жарқын бастамалардың барлығы дерлік «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламамен сабақтасқанын сезгенде, еңселі ертеңнің аңыз емес, ақиқат екеніне көз жеткіземіз.
Себебі, мазмұны бай Елбасы мақаласындағы басымдық берілген ғасырдағы ұлттық сана туралы ойласақ,  уақыт алға жылжыған сайын өзгерген әлемнің бағытына ілесіп, жаңа тарихи кезеңге бейімделсек, ұтарымыз көбейері анық.
Абай Елеш.
21 желтоқсан 2017 ж. 2 136 0