Елім дейтін ерлер бар

...Адам баласы-шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер-әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі,-деген еді.
Қазіргі таңда біз білетін жандардың қатарында өзінің алтын ұя ауылына бар ынта-ықыласы ауып, «қайтсем қол ұшын беріп, туған жерімді көркейтемін?!»,-деп жүрген жандар жоқ емес. Бұл да табиғат-ананың адамзат баласына тарту еткен теңдессіз бір сыйы болар. Осы бір шексіз сезімге деген мысалды халқымыздың «Тау көтерген Толағай» ертегісінен де байқауға болады. Онда болмысы ерекше болып туылған Толағай есімді туған жер азаматы, қуаңшылық жайлаған елін қиындықтан құтқармақ болып, түгелдей бір тауды туған ауылының жанына алып келеді емес пе?! Міне, туған жерге деген сүйіспеншіліктен туындаған осы бір игі қадам асылында адамзат баласын елін, жерін сүюге үндейтіндей. Әйтпесе, көшпелі қазақ үшін қоныс аудару қиын болып па?! Осылайша, ертегі кейіпкері түсіне білгенге туған жердің қаншалықты ыстық болатынын байқатып-ақ, тұр.
Хош... Бүгінде бәрі басқа. Қолы ұзын кейбір қалталы азаматтардың халқына жасаған жақсылығы кейде сол Толағай көтерген таудай болып көрінеді. Демек, еліне жасаған жақсылығы арқылы Толағай атанып жүрген жандар арамызда әлі де көп. Бірақ, біздің бұл мысалымыз қалталыға ғана емес, қарапайым жанға да ой саларлық сабақ болса дейміз. Шындығында, елім деп ет жүрегі елжіреп тұратын жандар ештеңеге қарамас еді. Әрбір қазақты жалғызым деп санайтын жігіттер арамызда көбейсе, бәрі басқаша болар ма еді. Мен білетін жандардың арасында осы елдің жағдайына бір кісідей қарайлай жүретін жандар жоқ емес. Темір Бисембаев, Ардақ Төлебаев, Кәдірберген Бедер сынды ағаларымыздың есімін бүгінде аудан біледі. Ал, солар атын шығару үшін жұмыс жасап жүр ме?! Жоқ, ондай қадамға барған болса, бүгінде олар тұрмысы төмен жандарға жанашыр болмас еді. Жастарға қолдау танытпас еді. Қысылғанды қанатының астына алып, қамқорлық көрсетпеген болар еді. Негізінде, олардың бойында еліне, жеріне деген шынайы сүйспеншілік бар. Міне, сол қасиеттері бүгінде оларды биікке көтеріп отыр. Мүмкіндік болып, біраз іс қолдан келсе, туған жерін сәні келіскен шырайлы шаһар етуге бар олар. Озық ойы мен қалың қалтасы болса да, басқан қадамы қара басының мүддесінен әрі аспайтын көптеген жанның қасында мұндай азаматтар көпке үлгі етуге лайық деп білемін. Міне, бұл-нағыз патриотизмге үндейтін ізгі қадам, игілікті іс.
Иә, ислам дінінің шынайы болмысын жүрекке бекіте білген жанның жамандыққа баруы екіталай. Керісінше, жақсы ниеттен туындаған әлгіндей қадамдары оларды көптің құрметтісіне айналдырады. Біз сөз еткен осы бір кішкентай ғана аяулы сезімнің арғы жағында үлкен ізгілік пен алапат күш жатыр. Лайым, халқымызда «Туған жерім» деп елжіреп тұратын осындай жандар көбейе берсін.
Алтынбек Бисенов.