Цифрлы жүйе сансыз мүмкіндіктер алаңы

Иә, заман талаптарына мойынсұнып, ондағы жетістіктердің қыр-сырына қанығып, заманауи технологияларды еркін меңгеруді көздейтін бағдарламалардың бірі-«Цифрлы Қазақстан» екені даусыз. Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында дүниеге келген бұл бағдарлама еліміздегі жастардың жаңашыл бағыттарына жаңа серпін бергендей. Жалпы, цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздік алған бастапқы кезеңдерде- ақ батыл енгізіле бастады. Оған себеп, мектептерді компьютерлендіру, сымсыз байланыс орнату, желілік телеарна, қағаз жүзіндегі жұмыстардың компьютердің арқасында жеңіл жүзеге асуы біздер үшін бүгінде жаттанды күйге енді. Одан бөлек, ғаламтор жүйесінің еліміздегі қарқынды дамуы біздің өмірімізбен тығыс байланыс орнатты. Ал, бүгінде нақтылы қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы біздегі ІТ саласын дамытуға басымдық береді. Онсыз еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуі қиынға соғатынын да Елбасымыз айрықша айтты. Яғни, бұл ретте еліміздегі жастардың арқалайтын жүгі ауыр деген сөз. Білім кеңістігінде еркін самғап, қазіргі заманның талаптарына тас-түйін дайын жүретін жастардың қатары да күн санап артуы аса маңызды. Сөз соңында айтарымыз, еліміздегі әрбір бағдарламаны жүзеге асыруда жан-жақты жұмыс қолға алынса, еліміздің дамуы жедел боларына кәміл сенемін.
Д. Меңдібаев,
«Жастар ресурстық орталығының» статисі.