Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жер перзентінің жаңа туындысы

Туған жер перзентінің жаңа туындысы

«Мен ауылдың ұлымын». Жерлесіміз Ержан Қожастың тырнақалды туындысы осылай аталады. Журналистика саласына келгеніне көп бола қоймаса да, өз оқырманын жинап, кесек ойларымен көп көңілінен шығып жүрген жас журналистің туған жері – Жаңақұрылыс елді мекені. Туындысын «Мен ауылдың ұлымын» деп атауының да сыры осында жатыр. Кітап әлі қолымызға тие қоймады. Десе де парақтап шыққандардың пікірінше, жақсы туындылар жинақталған. Ауылдың әсерлі көрінісі мен шынайы келбетін сұлу сөзбен суреттеп беретін публицистің әлеуметтік желідегі жазбалары осы кітапқа шоғырланған. Ауыл баласына тән осы бір рухани азық қалың оқырманға жол тартты.Жалпы, «Боламын деген баланың бетін қақпай, белін буатын» аймақтағы медиақұрылым «Сыр медиа» ЖШС бүгінде көптеген жасты шығармашылық ортаға бейімдеп келеді. Ержанның алғашқы жинағының жарыққа шығуына да серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев ағамыздың қолдауы мол болды.
Әңгімелер мен хикаяттар жинағы жинақталған туындыны басу ісінде аймақта жоқ технология "АСУ" баспа үйін айрықша айтуға болады. Ол өз алдына. Жалпы, кітаптың дизайндық тартымдылығы да ақылмен ойластырылған. Сырт көзге «менімен таныс, парақтап көр» деген әсерге қалдырады. Руханияттың алтын қорын молайтып, рухани жаңғыру бағдарламасына негіз бола алатын кітап жайында әлі талай айтылар, талай жазылар. Иә, баласы атқа шапса тақым қысар қазақпыз ғой. Туған жер түлегі өркениет ортасына барып, азды-көпті өз қатарластарынан оза шауып жатса, неге қуанбасқа?! Жазар көбейсін, жерлес! Біздегі тілек – осы.

А. ҚАРАСАЙ

16 наурыз 2021 ж. 1 259 0