Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Игі істер атқарылды

Игі істер атқарылды

Жаңақұрылыс ауылындағы №74 мектепте жастар жылы аясында ауыл жастары мен сыныптастарының ұйымдастыруымен ауылдың азаматы Қанат Ұлмағанбетовті еске алуға арналған турнир өткізді. Волейбол спортынан өткізілген ісшарада ауылдық округ әкімі Биғали Абдраймов, мектеп директоры Еркін Нұржанов, ауылдық мешіт имамы Бектас Жөлкенов пен еңбек ардагерлері өздерінің тілектестіктерін білдіре отырып, өмірден өткен Қанат Ұлмағанбетовтің рухына дұға бағыштады. Ауыл ақсақалы Кеңесбай Әймішев осынау істің ұйытқысы болған жастарға батасын берді. Аймақтық спартакиадаға Жақсықылыш, Бөген, Қосжар, Шөмішкөл және Жаңақұрылыс ауылдарының жастары қатысты. Жарыс көрерменді жалықтырмады. Елбасының бұқаралық спортты дамытуға берілген тапсырмасының көпшілік тарапынан қолдау тауып жатқанына, мұндай игі істер ел мен елдің, ауыл мен ауылдың жастарын біріктіріп, ел арасындағы татулықты, достықты нығайтатынына куә болды. Жарыс қорытындысы бойынша Қанаттың ата-анасы бауырларына, достарына әр ауылдан келген жастарға алғысын айта отырып, отбасы атынан марапат сыйлықтарын табыс етті.
Сердалы Шалбаев,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
30 қараша 2019 ж. 877 0