Өмір өлеңінің жыршысы, Арал әлемінің жаршысы-Ерғали!

Шара барысында жазушының төл туындысы «Аралдың адамдары» атты кітабының тұсауы кесілді.
Кездесу кешінде сахна төріне шыққан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының «Құрметті азаматы», «Халық алғысы» медалінің иегері, ақын - жырау, күйші - композитор Мұрат Сыдықов мерейтой иесіне жүрегінен шыққан өлең жолдарын арнады. Сонымен бірге Зейнолла Шүкіров атындағы әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы, күйші, сазгер Жұмабай Жақып және аудандық «Толқын» газетінің редакторы Абай Елеш сөз алып, жазушы шығырмашылығын тілге тиек етіп, ізгі лебіздерін жеткізді.
Облыстық журналистика саласы мен ақындық жолдағы әріптес-достары бейне көрсетілім арқылы құттықтау лебіздерін білдірді.
Мерекелік кеште ақынның сөзіне жазылған «Туған жер», «Ақшатауым», «Теңізім» әндері орындалып, «Менің әйелім» атты туындысы сахналанды.

Атап өтейік, 35 жыл бойы білім беру саласында ұстаздық қызмет атқарған Аралдың төл перзенті «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай ару», «Құрылтай» газеттерінде редактор болған. Қазіргі таңда «Арал әлемі» газетінің редакторы болып жұмыс жасайды.
Ерғали Зейнетұлының сатиралық әңгімелері, өлеңдері, «Дария жыры», «Күлеміз бе қайтеміз?», «Жүректегі жауһарлар» атты жинақтары мен «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Өмірдің өлеңдері», «Ағаш қазан астындағы от», «Аралдық желтоқсаншылар», «Жасампаз ғұмыр» кітаптары жарық көрген.