Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Аралдық желтоқсаншылар" кітабының тұсаукесері өтті

"Аралдық желтоқсаншылар" кітабының тұсаукесері өтті

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бүгін Арал аудандық мұрағат мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының, Қазақстанның авторлар одағының мүшесі, журналист ақын Ерғали Абдулланың «Аралдық Желтоқсаншылар» атты кітабының тұсау кесері және «Менен қалар бір белгі» атты кездесу шарасы өткізілді.

«Елі қадірлеген ер бақытты» демекші қарымды қаламгер – Ерғали Абдулла өзінің туған ел-жұртының рухани кемелденуі жолында дарынымен танылып, шығармаларымен өзіндік қолтаңбасын айқындаған жандардың бірі. Қалың оқырманға «Аралдық Желтоқсаншылар» кітабын ұсынып отырған дарын иесін жерлестері азулы ақын, журналист-жазушы ретінде кеңінен танығаны рас.
Сыр Өңірінің дамуына үлес қосқан, ән-жырларымен туған елін тербеген Ерғали Абдулланың шығармашылығын дәріптеу, кейінгі жас буынға кеңінен насихаттауды мақсат еткен тағылымды шараға «З.Шүкіров» атындағы қоғамдық бірлестігінің ынталы тобы, басқарма мүшелері, Арал аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері, №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының оқушылары, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, архив қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Терең тәрбие мен өнегелі ғұмыр кешудің мәнін аша түскен шарада Ерғали Абдулланың өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңінен айтылып, ақынымыз үлгі тұтар аға буын өкілдерінен белгілі журналист Жұмабай Жақып, өлкетанушы Жеткерген Жанасовтар бүгінгі кездесудің басты кейіпкерінің шығармашылығына тоқталып, ізгі лебіздерін білдірді. Шара аясында ақынымыздың сөзіне жазылған әндер айтылып, шығармашылығын айшықтай түсетін арнайы көрме ұйымдастырылды.
Өз кезегінде Ерғали Абдулла да бүгінгі шараға ұйытқы болып, туындыларын көпшілік назарына ұсынған мұрағат ұжымына, шара қонақтарына ризашылығын жеткізіп, жаңа кітаптың мазмұнына тоқталып, өзінің естеліктерімен бөлісті.
Әрбір адамның рухани азығын байытып, жан-дүниесін ұлттық болмыстан алыстамауға үндеген шараның қазіргі қоғамдағы маңызы зор, берері мол.
"Толқын" ақпарат
17 маусым 2021 ж. 812 0