Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихқа қалам тербеген

Тарихқа қалам тербеген

Қазақ әдебиеті мен журналистика саласында айрықша қолтаңбасы бар қаламгер Айжарық Сәдібекұлы биыл 80 жаста.  Ақыл-ойы алып, қаламы қарымды жазушы осы айтулы мерейтойын жерлестерімен бірге атап өту мақсатында туған өлкеге, яғни, киелі Арал ауданына ат басын бұрды.
Аудан әкімі М.Оразбаев айдынды Аралдың төл пер­зенті, жазушы, үздік журналист А.Сәді­бековті арнайы қабылдап, құрмет көр­сетті. Сексеннің сеңгіріне шыққан әде­биет саласының көрнекті өкілін айтулы мерейтойымен құттықтаған аудан әкімі қабылдау барысында аймақ жаңалықтарымен бөлісіп, елдің тыныс-тіршілігін, өңір жетістіктерін сөз етті.
Айта кетейік, Айжарық Сәдібекұлы 1939 жылы 17 желтоқсанда ауданға қа­расты Қармыс елді мекенінде дүниеге келген. Сырдың талантты тумасы – «Да­рия жыры», «Көктемін күткен ару», «Ақ­құмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып» кітапта­ры­ның авторы. Былтыр екі томдық «Па­расат майданы», «Жұмыр жерде біз  бармыз»  атты кітаптары жарық кө­­ріп, оқырман қауымға жол тартқан еді.
Талай дарын иелерін дүниеге әкел­ген дархан даламыз қасиет пен тектілік­тің бесігі. Соның ішінде, өнер өлкесінің өр биігіне айналған Арал өңірі көп­те­ген өнер иелерімен мақтанады. Со­лар­дың бірі – шығармаларына  дәуір шындығын арқау еткен «Еңбек арда­гері», жазушы, үздік журналист, айбынды Аралдың төл перзенті Айжарық Сәдібеков биыл 80 жастың төріне жайғасты.
Аралдықтар осы бір қаламы жүйрік, талантымен танылған, журналистика әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар А.Сәдібекұлының 80 жылдығын ерекше ықыласпен атап өтті.
«Әркімнің туған жері өзіне жұмақ» де­мекші, туған өңірге арнайы табан тіреген қаламгерді ұлықтау, тағылымға толы еңбек жолын жас толқынға наси­хаттау мақсатында «Тарихқа қалам тербеген» атты шығармашылық  кеш ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйінде өткен рухани кешті ашып берген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев  мерейтой иесін құттықтап:
– Қашанда арда туған азаматтарымызды үлгі тұтып, олардың өзі барында бағалап, жасаған игі істерін ғибрат ету мақсатында Айжарық Сәдібекұлымен кездесіп отырмыз.  Құрметті Айжарық Сәдібекұлы! Қа­лың оқырман өзіңізді  «Дария жыр», «Көк­темін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхит­қа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз» кітаптарының авторы ре­тін­де кеңірек танығаны рас. Бү­гін­де сіз қалам тербеген шығарма­лар халық жүрегіне жетіп, елдің ықы­ласы­на бөленіп жатса, ол, бірінші кезекте, өзіңіздің еңбегіңіздің, ма­ман­дыққа де­ген адалдығыңыздың, шы­­найы­лы­ғыңыздың жемісі дер едім. Біз сізді ұрпақ­тар жалғастығын үзбей келе жатқан, ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойында сақтаған, ақсақал болудың әдемі жолын көрсетіп келе жатқан азамат ретінде мақтан етеміз!, – деп ақжарма тілегін жолдады. Сонымен қатар Арал ауданының құрметті азаматы Айжарық Сәдібекұлына кәделі сый-сияпат жасап, Құрмет грамотасын табыс етті.
Одан әрі дербес зейнеткер, ҚР Жур­­налистер одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері Шәкі­рат Дәр­мағамбетов әріптес інісі А.Сәді­бе­ков­тің бітім-болмысы, еңбекқорлығы жайында тұшымды әңгіме қозғап, баталы лебізін жолдады. Сонымен қа­тар, қаламгердің өмірі мен шығар­ма­­шылығына арналған рухани кеш­ке арнайы қатысқан филология ғылым­да­рының кандидаты, доцент, тілші, ғалым Шанжархан Бекмағамбетов, фи­лология ғылымдарының кандидаты, доцент, Журналистер одағының мүшесі, ғалым, әдебиеттанушы Алдажар Әбілов және ақын, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Толыбай Абылаевтар сөз алып, көп­шілікке жазушының өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы туралы есте­ліктерді ортаға салды.
Шара барысында жазу стилі ерек, ой иірімдері айрықша талант иесіне деген  құрмет әдемі тілек, жылы лебіз, әсем ән болып өрілді.
21 мамыр 2019 ж. 1 376 0