Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ҚАРМЫСТА» ТУҒАН ҚАЛАМГЕР

«ҚАРМЫСТА» ТУҒАН ҚАЛАМГЕР

Алдымда Арал теңізінің 1957 жылы одақ астанасы Мәскеуде басылып шыққан етек-жеңі далиған, бүктей-бүктей сілікпесі шыққан ескі атлас кар-тасы. О кездері ақжал толқындары жағалауды ұрып жататын алып айдынның қазіргі кезде күш-қуаты қайтып, жүз шақырымдай алысқа шегінген табанын Кіші Арал суы шайып жатыр...
Картаға үңіліп осы теңіздің о шеті мен бұ шетіндегі шағын аралдарды саусағымның ұшымен жағалап іздеп отырмын. Міне, Арал теңізіндегі шағын аралдар иненің жасуындай кішкентай нүктелермен белгіленіпті. Сол нүкте-лерден «Көкарал» түбегін тауып, жан-жағын бір мая шөпке түскен инесін із-деген адамдай көзімді айырмай тінтіп, бұрынғы «Ауан» елді мекенінің тұсы-на келдім. Бұл қиялгер жазушы Абдул-Хамид Мархабаевтың кіндік қаны тамған ата жұрты. Онан әріде Ақбасты... Онан әріде бір шеті Ақтөбе облы-сына ұласқан, Ұлықұм, Кішіқұмға кірігіп кеткен Құланды түбегі. Бұл енді әлемге әйгілі қаламгер Нұрпейісов Әбдіжамил ағамыздың дүние-ғаламды сүбелі дүниелерімен дүрілдеткен кішкентай ауыл.
Ал үстіміздегі жылы сексен жастың сеңгіріне шыққан белгілі журналист-жазушы Айжарық Сәдібекұлының балалық іздері де сол Арал теңізінің алқа-ракөк айдынына тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» дейтін шағын балықшы-лар ауылында сайрап жатыр. Осы елді мекенде 1939 жылғы 17 желтоқсанда байырғы балықшының отбасында дүниеге келген шекесі торсықтай ұлдың шілдеханасына жиналған ауылдың үлкен кісілері Сыражадин есімін енші-лепті.
Алайда екі-үш күн жолаушылап кетіп ауылға келген әкесінің ағасына бұл есім ұнамаған көрінеді. Үлкендерді дастархан басына қайта жинап: «Ау, бұл бала Ай туып, айнала жап-жарық болып тұрғанда дүние есігін ашқан жоқ па?» деп жөргегінде жатқан сәбидің құлағына үш қайтара «Сенің атың Айжарық» деп айқайлапты.
Сол Айжарық ауылда жетіжылдықты, Ауанда орта мектепті ойдағыдай аяқтағасын арада 4 жыл өткенде Қызылорда пединститутының филология факультетіне оқуға түседі. Бұл саланы таңдауға оған меніңше классик жа-зушы Әбдіжамил Нұрпейісовтың «Курландия» романының кәдімгідей әсері болған сияқты. Өйткені сонау қырқыншы жылдардың соңына қарай шағын ауылдың үлкен-кішісі балықшы әкесінің қоржын тамына кеш түсе жиналып, әлгі романды бала Айжарыққа оқытады екен. Сонда, Көкаралдың шалдары сол жазушы шығармасындағы Есей, Баян есімді кейіпкерлерін біразға дейін естеріне түсіре алмай бастарын қатырып отыратын. Жетілік шамның жар-тымсыз жарығы астында етпеттей жатып «Курляндияны» оқып жатқан бала Айжарықты кідіртіп қойып: «Әй, бұл төңіректе Есей деген жігіт, Баян деген қыз болған жоқ сияқты еді ғой. Сонда, бұл кім болды екен» деп, бір-біріне сұраулы жүзбен қарап, әркім әртүрлі жорамал айтып, дабырласып қалатын. Бұл Есей мен Баянның көркем шығарманың кейіпкерлері екенін, «аһ» десе көмейінен жүрегі көрінетін, аңқылдағанда алдына жан салмайтын ақкөңіл ауыл адамдары қайдан білсін.
Сөйтіп отырғанда бала Айжарықтың кірпіктері айқасып, көздері жұмы-лып кететін. Сол адамдар кейін Көкаралдан ірге көтеріп, тұс-тұсқа қоныс аударғалы қай заман. Сол ағайындардың бірқатары Айжарық ағамыз дүниеге әлі келмеген кезде әртүрлі себептермен шекаралас елдерге жер ауып кеткен еді. Солардың бірі Айжекең орта мектепті бітірген жылы Көкаралға қыды-рып келген көрінеді. Ресейдегі Магнитагорскіден әкесі мен шешесі орыс орта мектебін бітірген қызымен келген. Кілең көк көздердің ортасында оқыған қыз шалалау болып бойжеткен екен. Ата-ананың ниеті ағайындармен құдала-су болған көрінеді. Бірақ Көкаралдың бойдақтары қызбен еркін тілдесе ал-мады. Сол қыз сол жолы Алматыға барып мединститутқа қабылданыпты. Айтқымыз келгені, болашақ жазушы осындай ортада түлеген еді.  
Ол уақытта аудан орталығы Арал қаласына теңіз қолтығының тұрғын-дары тек ұшан теңіз арқылы кемемен жетуші еді. Кейінірек қой «Ан-2» ұша-ғының қатынай бастағаны.
*  *  *
Айжекең 1968-жылдан бері Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Ал-ғашқы тырнақалды дүниелерінен бастап осы күнге дейін жазған-сызғандары Сыр бойындағы осы қалада жазылып, жарық көріп келеді.
Институт қабырғасында оқып жүрген әуелгі жылдары филология-тарих ғылымымен айналысуды армандаған Айжекеңнің қаламынан «Әлімнің әжесі» деген тұңғыш әңгімесі облыстық газетте 1962 жылы жарияланса, қо-ғам қайраткері Жүсіпбек Арыстанбековтың «Жалынды жүрек» хикаяты туралы жазып көрген алғашқы рецензиясы да сол жылы «Қазақ әдебиеті» ба-сылымында, ал «Асуда» деген алғашқы очеркі 1963 жылы өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрген.
–  Жазушы болу өмір бойы жазу, іздену, оқу, – дейді Айжекең: – Менің туған ауылым Көкаралда алғашқы оқыған кітабым Әбдіжамил ағамыздың «Курляндия» романы болса, кейін қазақ, орыс және шетелдік классиктердің шығармаларын үлгергенімше оқып зерделедім. Бірақ қанша ізденіп оқысам да, оқудың түбіне жете алмадым. Оқығандарымнан оқи алмағандарым жетіп артылады. Қаламгерлердің ілгері-кейінгі жарық көрген шығармаларын үлгергенімше жата-жастана оқыдым және қолым қалт еткенде қайыра соғып оқып та жүрдім.
Расында әсіресе теңіз стихиясы, балықшылар тұрмысы туралы шығарма-ларды және төрткүл әлемге түгел аян болған классиктердің әдеби дүниелерін көзі ұйқыға кеткенше кеміретін. Әсіресе фантас жазушы Жюль-Верннің романын, Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясын, Иван Буниннің теңіз табиғаты туралы әңгіме-хикаяттарын, қазақ әдебиетіндегі Әбу Сәрсен-баевтың, Әбдіжамил Нұрпейісовтың, Зейнолла Шүкіровтың, Балтық теңізін жайлаған елдерден шыққан қаламгерлердің теңіз, оның жағалауындағы адам-дарың тыныс-тіршілігі жайында жазғандарын қадағалап қайта-қайта оқитын. Бұны Айжекеңнің жаратылысына сіңген қасиеті десек те болады. Сондайда балықшы әкесінің қара қайығында ескекші болып еңбек жолын бастағаны еміс-еміс есіне түсіп, балалық шағына қайта оралатын.
Сондайда ғой, Көкарал жеріндегі Қаратөс, Өндір, Сарша, Кәріжол сияқты жер атауларының шоқтығы Айжарық үшін басқа жерлердің Жерұйық, Жиде-лібайсынынан анағұрлым артық сезілетін көңіліне. Қызыл шұнақ аязды, ақ басқын боранды Аралдың қытымыр қысында көкше мұз мәрмәр тастай қат-қан кезінде Аралдан Көкаралға, Көкаралдан Аралға үкімет жұмысымен жүр-ген жолаушылар жарамды жылқыны жегіп, қашаубай шанамен қатынайтын. Екі ара әжептәуір жер. Бірақ жер апшысын қуырған ат шана азанда қаладан шыққан адамды кешкі күн қызылқұлақтана, кейде ымырт үйіріле Көкаралға жеткізуші еді. Осы суреттер оқта-текте еске түссе жаны жас, қолы қаламнан бір сәт босамаған, шау тартса да шалдықпаған ағамыздың жүрегіне мизам шуақтай себезгілейді.
Өзі аттай алпыс жылдан бері ажырамай келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған әдебиет мәселелері жөніндегі мақалаларға орай тұрақ-ты түрде ой-пікірін әдеби ортада айтып, атсалысып келе жатқан аға қалам-гердің есімі журналист ретінде де қарт Қаратау мен айдыны Аралдың арасын жайлаған қалың елге етене таныс. Алғашқы журналистік жолын Қармақшы, Жалағаш аудандық газеттерінен бастаған Айжекең 1971-1997 жылдардың аралығында Қызылорда облыстық «Сыр бойы» басылымына аға тілші, бөлім меңгерушісі және редколлегия мүшесі болып ұзақ уақыт қызмет атқарған. Жазушы әр жылдары жазған әдеби дүниелерінің басын зейнетке шыққан соң ғана құрап кітап етіп, оқырманына ұсына бастады. Мысалы, қаламгердің «Аққұмның ақ түндері», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Шұғыла шуағы», «Дарияның тұмасынан жыр боратқан», «Парасат майданы», «Қараша үйдің келіні» тәрізді деректі және көркем әдеби дүние-лері жарық көріпті. Олары шағын әңгімеден бастап көлемді хикаяттарына дейінгі баршасының оқырман оясынан шыққан сүбелі дүниелер. Ал, баспа тартпаларында және қолында уақытын күтіп жатқан әдеби қолжазбалары қаншама. Солардың қатарында «Өлермен өмір» романы, «Теңіз жайлаған ел» жинағы баспада кезегін күтіп жатыр.
– Менің кіндік қаным теңізге тұмсығын тығып жатқан «Қармыс» деген кішкентай ауылда тамған, балдәурен балалық шағым ақ құмшықты осы жер-де өткен. Ауылда «Қармыстың моласы» деген көне бейіт болатын. Сірә ауыл-дың атын осыған байланысты қойған болса керек. Қайдан білейік, ол кездері балықтан басқа ас жемеген, балықшыдан басқа адам көрмеген, аңыз-ерте-гілерді аузымыз аңқиып отырып тыңдайтын ауыл балаларына бәрі таңсық болушы еді ғой, – деп ағамыз артта қол бұлғап қалған алыс жылдарды ойша шолады.
Қаламгер Айжекең меніңше өзі өмір сүрген дәуірінің талғампаз тамыр-шысы болды. Қоғамымен бірге біте қайнасып ғұмыр кешті. Оның әр шығар-масы өзі тіршілік еткен ортаның сөзіне сөз қосты. Уәжіне құлақ тосты. Солай болуға тиіс. Солай болып та келеді.
Біздің қазақ әдебиетінің қашаннан қарапайым еңбек адамдарының тұлға-сын жырлауда, ұлы еңбекті насихаттауда ілгеріден қамшы салдырмай келе жатқаны оқырман қауымға аян. Осы орайда қызылордалық прозашы Айжа-рық Сәдібекұлының «Жазғы демалыста» деген әңгімесі ойға оралады. Әңгіме желісі тартымды, махабат жыры. Теңіз жағасындағы ауылда өрбиді.
Ал автордың «Ректор» деген деректі әңгімесінде баяндалған Әділ Ерме-ковты көрмесем де Жеткерген Қанатбаев есімді ұстазды мен жастау кезімде көрген болатынмын. Мейлінше қарапайым еді. Алматының жоғары оқу орынында оқып жүргенде Кеңес Одағының Батыры, осы институттың рек-торы Мәлік Ғабдуллиннің тікелей қамқорлығына бөленген студент. Арал теңізінің ортасындағы Көкарал ауылының түлегі, мектепті күміс медалмен тәмамдаған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтың баласы.
Жазушы осы кейіпкерлерін мейлінше шынайы бейнелей білген және со-ғыстан кейінгі аш-аламан кезеңнің ащы шындығын айқын аша білгендігімен тартымды. Жалпы, Айжарық Сәдібекұлы қазақ прозасында ауыл өмірін су-реттеуде алдына қара салмаған Бейімбет Майлинмен үндес, соны ұстаз тұт-қан қаламгер десем артық айтқандығым болмас. Өйткені, әңгіме-хикаятта-рының бәрі шынайы, оқырманына езу тартқызатын тұстары, диалог құрудағы сұңғылалығы айрықша көзге ұрып тұрады.
Біз есіктен еніп, табалдырықтан аттағанда «Ақ бота» атты кезекті әңгіме-сін жазып жатқан жазушы ағамыздың соңғы бір жылда мерзімді басылым-дарда Арал теңізі тағдырына байланысты көлемді проблемалық мақалалар тізбегі баспасөз беттерінде жарияланды. Оларын оқып шыққанбыз.
Айжекең баспасөз саласында қырық жылдан астам уақыт тер төкті. Қала-мынан әр жылдары жарық көрген мақала-очерктерінің негізгі тақырыбы  –  Арал теңізінің тағдыры және адам тағдыры. Тіпті кезінде, зейнеткерлікке жа-сы жеткенде де өзі Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші болып біраз жыл қызмет атқарып, қалам тербеген республикалық «Сұхбат», халықаралық «Түркістан» басылымдарының әр бетінде қаламгердің уақыт тынысын аң-датқан, осы өлкенің тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басқан проблемалық мақалалары, очерктері жиі-жиі жарияланғаны есімізде. Қаламгер жалғыз ғана оңаша ой ойлап, жазу-сызумен ғана шұғылданған жоқ. Аймаққа қаламы қа-рымды азамат-жазушы ретінде де танылып, қоғамдық өмірге де белсене ат-салысқан тұлға.
Сонау тоқсаныншы жылдардағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалыс-тың Қызылорда облысындағы ұйымын алғашқы ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы қозғалыстың мүшесі ретінде мерзімді басылымдарда батыл үн қосқан қаламгер. Қазақстан Журналистерінің VIII съезінің делега-ты. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен, партия, Совет, кәсіподақ, комсомол органдары мен журналистер одағының мақтау грамоталарымен 16 мәрте, 4 мәрте мемлекеттік медалдармен, 2 рет жергілікті Әкімдік пен Мәс-лихаттың марпаттарына, Елбасының Алғыс Хатына ие болған белгілі қалам-гер Айжарық Сәдібекұлы екі рет «Қызылорда облысының үздік журналисі», облыс Әкімінің екі мәрте стипендиаты, «Арал ауданының құрметті азаматы» болды.
Үстіміздегі жылы сексен деген биік таудың сеңгірігіне шыққан журна-лист-жазушының өмірлік ұстанымы – оқырман көңілінен шығатын көркем де шырайлы шығармалар туындату. Осы мақсатта ол ерінбей-жалықпай еңбек етіп келеді. Лайым, жасыңа жас қосылып, шығармашылықтың биік шыңына шыға бер деп тілейміз мерейтой иесіне.
Сонымен бірге інілік ізетпен қаламы қарымды, жазғаны жалынды Айжарық ағамызға төмендегі бірер шумақ жырымызды сексеннің серкесі, ойлы сөздің өркеші атана берсін деген тілекпен ұсынамыз:
...Көзін ашып Қармыста,
Жүзді Аралда балықтай.
Жауһар сөзге болды ұста,
Жаза-жаза жалықпай.
Ойы терең теңіздей,
Он кітабы  –  олжасы.
Бейімбетпен егіздей,
Тынымбайдың жолдасы.
...Өскен жері Көкарал
Көшкен жері Сыр бойы.
Анасындай Аралы
Балықшымен бірге ойы...
Көсем сөзің дара боп,
Көркем сөзбен тең қылдың.
Бойында өстің бала боп,
Көкарал мен Қармыстың.
...Құмда адасқан арабтай,
Көрмегенің жоқ сенің.
Қыдыр көрген қонақтай,
Құтты болсын, 80-ің!    
   
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Жарасқан Әбдірашев атындағы
әдеби сыйлықтың иегері.

17 сәуір 2019 ж. 1 437 0